Павлодарлық көлік жуу орындары қайталама су айналымы жүйесіне көшеді

Павлодарлық көлік жуу орындары қайталама су айналымы жүйесіне көшеді
Фото: pixabay

Бұл талап 10 маусымнан бастап күшіне енген ҚР жаңа Су кодексінде көзделген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Норма осы саладағы барлық кәсіпкерлерге қатысты. Бұл туралы Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі салалық кеңесінің отырысында айтылды. Жиынға су пайдаланушы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, көлік жуу орындарының иелері және басқа да компаниялар қатысты. Кездесуді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаев жүргізді.

Бас тақырып – кәсіпкерлерге су алу және су ресурстарын пайдалану мәселелерін реттейтін ҚР Су кодексінің жаңа нормаларын түсіндіру болды. Ертіс бассейндік инспекциясының су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі басшысы Медет Жадыгерұлының айтуынша, облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген аумақ көлемі ресми мәліметтерде 80 мың гектар деп көрсетілген. Алайда, нақты тексеріс кезінде бұл көрсеткіш 40 мың гектарды ғана құрайтыны анықталған.

– Яғни ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шамамен жартысы суды рұқсатсыз пайдаланып отыр. Бұл – заңсыз су пайдалану, – деді Медет Жадыгерұлы.

Оның айтуынша, жаңа талапқа сәйкес көлік жуу бекеттері екі жыл ішінде су үнемдеу және қайталама су айналымы жүйесін енгізу жоспарын әзірлеуі керек. Бұдан кейінгі бес жылда бұл жүйені толық орнатып бітіруі тиіс.

– Көлік жуу орындары негізінен су арнасынан ауыз суды алады. Енді оларға бұл жүйеге көшу үшін жеті жыл уақыт беріледі. Бұл талап ірі өндірістік кәсіпорындарға қолданылмайды, себебі оларда мұндай технология бұрыннан бар, – деп түсіндірді бассейндік инспекция басшысы.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жаңа Су кодексіне сәйкес су үнемдеу технологияларын енгізіп, арнайы рұқсат алуға міндетті. Бұл рұқсатты алу тегін және elicense.kz порталы арқылы рәсімделеді. Өтініш 15 күнтізбелік күн ішінде қаралады.

– Әр дақыл түріне су тұтынудың нақты нормасы бекітілген. Шаруалар осы нормаларды ескере отырып, маусымға қажетті су көлемін есептеп, өтініш беруі тиіс, – деп толықтырды Медет Жадыгерұлы.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бұл талаптар 2003 жылдан бері қолданылып келеді. Ал көлік жуу орындарына қатысты норма 2025 жылдан бастап енгізілмек.