Павлодарлықтар көне фарфор мүсіншелерді тамашалай алады

Павлодарлықтар көне фарфор мүсіншелерді тамашалай алады
Фото: Константин Шелков

Экспонаттардың тарихы шамамен 200 жылды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет мұражайында XIX ғасырдағы фарфор мен көркем шыны көрмесі ашылды.

Экспозицияның бірегейлігі тек ұсынылған заттардың алуан түрлілігінде ғана емес, сонымен бірге тарихи құндылығында. Мұражай қорының сақтаушылары Германияның аты-жөндері белгісіз фарфор шеберлерінің, сондай-ақ өзінің монументалды және сәндік-қолданбалы өнерімен танымал қазақстандық шыны үрлеуші Александр Бибиннің туындыларын көрсетті.

Фарфор мүсіндер сүйіспеншілікпен жасалған. Камзол, көйлектер, клавишті-шертпелі ішекті музыкалық аспап – клавесиннің түстерінің сол күйінде сақталып қалуы таң қалдырады. Жоғары техникалық және сонымен бірге жоғары шығармашылықпен орындалған шыны формаларының алдында бей-жай қалу мүмкін емес.

Көрме сұлулығымен тәнті қылып қана қоймай, өндіріс технологиясы мен процестері туралы білуге мүмкіндік береді. Залда ақпараттық стендтер ілінген.

Экспозицияға  64 сәндік өнер туынды кіреді. Көрме 21 қазанға дейін ашық болады.