Павлодарлық діни ұстаз: «Рамазанға дайындықты ерте бастаған жөн»
@qaz.Pavlodarnews.kz парақшасында қалалық «Умар әл-Фаруқ» мешітінің ұстазы Баян Балтабаевамен қасиетті Рамазан айына арналған «Оразаға дайындық» тақырыбында тікелей эфир өтті.
– Алла Тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіне есеп беру айы. Сонымен қатар, Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде дәріптеледі, – дейді ол.
Діни ұстаздың айтуынша, қасиетті айға дайындықты ізгі ниетпен және ертерек бастау керек. Алдын ала ниет етпей, ешбір нәрсе қабыл болмайды. Рамазан айында ораза ұстауға, ауыз бекітуге бел бусаңыз, шынайы түрде ниет етіңіз. Бір ай бойы оразаның амалдарын мүлтіксіз орындауға дайындалыңыз. Оразаны салмақ тастап, арықтау үшін, денсаулықты қалпына келтіру үшін, диета үшін немесе жұрттан қалмау үшін емес, Алланың разылығы үшін ұстауға ниет ету керек.
– Құлшылық ететін ай болғандықтан, оған дейін көңіліңізді алаңдататын, көп күш-қуатты қажет ететін шаруаларыңызды тындырып қоюға тырысыңыз. Жаман ойламауға, жаныңызды тыныштықта сақтауға талпыну керек. Өкпе-реніш, ашу дегенді ойдан шығарып, жан-дүниеңізді тазалаңыз. Арыңызды мазалап жүрген іс-әрекеттер болса, алдын ала әрекет жасаңыз, – деп кеңес береді ұстаз.
Сондай-ақ, артық ойдан арылуға, уақытты үнемдеуге, қарызсыз кіруге, ауыз бекітуге дайындықты бастауға, ұйқыны реттеуге, сөз түзеуге, ас мәзіріне ерекше көңіл бөлу керектігін ескертеді.
Аталмыш айда, ең бастысы – рухани жағынан да тазаруға ұмтылу керек. Бұдан бөлек, маман рамазанға қатысты ең көп қойылатын сұрақтарға жауап берді. Көпшілік тікелей сауалдарын жолдап, дәйекті жауаптар ала алды.
Тікелей эфирде болған өзекті сұрақтардың жауаптарын ұсынамыз:
1. Ораза тұту әрбір мұсылман ер және әйел кісіге парыз. Жағдайларына байланысты ораза тұта алмаған жолаушы немесе науқас қайтыс болып кетсе, сол ораза мойнында қарыз болмайды.
2. Жолаушы еліне қайтса немесе науқас айықса, оразаларының қазаларын тұтуға тиісті.
3. Аяғы ауыр әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің, балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауларына болады. Бірақ кейін қазасын өтеулері парыз.
4. Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады. Рамазаннан кейін ораза тұтпаған күндерінің қазасын өтеуі тиіс.
5. Өте кәрі кісілерге ораза тұтпай, орнына фидия берулеріне болады.
6. Рамазан айында ораза тұтуға ниет етіп, күндіз есі ауса бұл күннің қазасын өтеу парыз емес. Есінен тануы көпке созылса, айыққан соң кейінгі күндердің қазаларын өтейді.
7. Рамазан айында күндіз оразаға ниеттенбеген жолаушы оқыс үйіне оралса немесе етеккірі бар әйелдің етеккірі тоқтаса, рамазан айының құрметі үшін сол күннің қалған бөлігін тұтады.
8. Оразада сүйісу, тағамның дәмін татып көру, сағыз шайнау, мисуактан басқа щетка сияқты нәрселермен тістерін тазалау мәкруһ істерге жатады (ішке кетіп қалмауын қадағалап, щеткамен тіс тазалау рұқсат амалдардан). Әйелге жас баласына тамақ шайнап беруі (Баласын тамақтандырудың басқа лажын таппаса, солай істеуіне болады) мәкруһ.