Павлодарлық зейнеткер ұстаз: Ақ орамал келіншекті жамандықтан қорғайды
@Pavlodarnews.kz тілшісі қырық жеті жыл бойы ақ орамалын басынан тастамаған әжеден орамал тағып жүрудің жақсылығы мен ғибраты туралы естігенімен бөліседі.
Рымтай Сапарбекованың жасы 75-те, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы. Ұстаздықпен еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеп, зейнетке шыққан. Ардақты ана, асыл әжені Ертіс-Баян жұрты «Емші апа» деп те атайды.
Оның айтуынша, қырық жеті жылдан бері басынан ақ жаулығын тастап көрмеген, мектепте мұғалім болып жүрген кездің өзінде өзі тақия тігіп, соны киіп жүрген.
– Ақ орамал – босаға аттаған келіншектерді тіл-көз, бәле-жаладан сақтайтын, ар-намысы мен ұятының қорғаушысы. Жау шапқан заманда аналар ақ орамалды жерге тастап, жаудың бетін қайтарып, ру-тайпалардың арасындағы қақтығысты тоқтатушы дәнекер болған, – дейді зейнеткер.
Емші апаның пікірінше, қыз ұзатылып, келін болып түскенде беті ашылғаннан кейін үлкен енелері басынан сәукелесін шешіп, ақ орамал салған кезден бастап, жас келін үшін орамал – жаңа өмірдің басталғандығының символы. Босаға аттап, ақ орамалды таққаны от-анасы болған енесінен әулетінің аманатын табыстап алғандығын білдіреді.
– Емізулі баласы бар әйел нәрестесін ешқашан орамалсыз емізуге болмайды. Бұл – өте жаман ырым. Баласы есейгенде анасынан безіп, қайырымсыз болады. Тамақ істегенде де жалаңбас тұруға мүлде болмайды. Орамал деген әйелді жамандықтан қорғап тұратын мықты қорғаушы, – дейді әже. – Алайда, қазіргі әйелдер орамал тақпай, шаш бояп жалаңбас жүруді әдетке айналдырып барады.
Дегенмен күнделікті өмірде орамалды елемейтін нәзік жандылар да аз емес. Сонда да қонаққа, асқа барғанда Құран оқылған жерде өзіне жарастырып, орамал тағып отырғандары салттың ұмтылмағанын білдіргендей болады.
– Қазақ әйелдері қара орамал тақпайтын, қара орамал қайғы-қасіретті білдірген. Жолдасы қайтыс болған әйел қара түсті орамал таққан еді. Алайда қазіргі кезде өзге елдің салтына еліктеп, қара орамал тағуды сәнге айналдырып алғандары салтымыздың өзіндік қадірін бұрмаланғаны болып есептеледі, – дейді ол.
Орамал – жат жұрттық болып ана атанған, жолы жіңішке жандарды тұрмыс құрмаған қыздардан ерекшелеп тұрады. Үлкендер шашта қасиет бар, ол ұзатылған соң жаулық арқылы көзден көлегейлемесе қасиет қайтады деп айтатын. Қазір жаулық тақпаған келіншек пен қызды шатастырып алатын жағдайлар да жоқ емес.
Десе де, заман ағымына ілесіп, басына жаулық тақпай жүрген келіншектердің ақ орамал тағуға деген көзқарасы басқаша.
– Мен келін болып түскенде ешкім орамал тақ деп айтқан емес. Өзімде орамал тағуға қатты қызықпадым. Алайда анам 40 жастан асқан соң орамал тағып жүрді. Бірақ та ата-енеңнің көзінше ашық киінбе, жалаң аяқ жүрме деп айтатын, – дейді Жанар Исабаева.
Кейбір нәзік жандылар орамал тағатын жасқа келген жоқпын, жас келін болып түскенде орамал тақ деп ешкім айтқан жоқ, айтса тағып үйренер едім, енді қазір орамал тақсам көзге басқаша көрінеді деп те айтады. Дегенмен әр келіншек ана, біреудің Құдай қосқан жары, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырақтың бар екенін білдіретін орамалын тағып жүруді ұмытпағаны жөн. Халық даналығында «Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі»,– деген сөз бекер айтылмаса керек.