Павлодарлық косметолог сәбидің құлақтарын алты айдан бастап тесуге кеңес береді

Павлодарлық косметолог сәбидің құлақтарын алты айдан бастап тесуге кеңес береді
Фото: clinicalearpiercing.com

Бұрындары қыз балалардың құлақтарын бес жасқа толғаннан бастап, тоғыз жас аралығында тескен, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қыз бала үшін міндетті саналатын құлақ тесу дәстүрі сүндетке отырғызумен бірдей. Сондықтан ел аузында құлақ тесу – қыздың сүндеті деп айтылады. 

Бұрындары құлақ тесу үшін ауылдың ақ жаулықты аналары жиналып, рәсім орындаған, кішігірім той жасаған. Тарихи деректерге сүйенсек, бидайдың қос дәнін алып, құлақтың сырғалығын тесер тұсының екі жағына салып, уқалап, тескен кезде ауырмас үшін жанын кетірген. Кейін отқа қыздырылған инемен тескен. Инеге сабақталған жібек жіпті салпыншаққа байлаған деседі. Құлағы жаңа тесілген қызға «жаманшылықты естіме» деген сияқты ізгі тілектер айтылған. Қыз баланың құлағын тесуі оның балалықтан алыстап, бойжетуінің белгісі ретінде санаған. Аталмыш рәсімді қыз бала бес жасқа толғаннан бастап, тоғыз жас аралығында жасаған.

Бұл саланың маманы Алтынай Ахметова Алматыдағы Мәскеу сұлулық академиясында 2003 жылы косметолог-эстетист курстарын аяқтаған. Биыл павлодарлықтардың құлақтарын тесіп жүргеніне 22 жыл болған. Маман алты айдан бастап құлақ тесуге кеңес береді. 

– Бұл нәресте отыратын, бірақ әлі жорғаламайтын және жүрмейтін ең қолайлы кезең. Өңдеуге ыңғайлы, балалар қолдарын тигізбейді, жабыспайды, құлағына зақым келтірмейді, тезірек сауығып кетеді, – дейді павлодарлық косметолог маман Алтынай Ахметова. 

Оның айтуынша, құлақты салқын мезгілде тескен дұрыс. Себебі, жазда ыстық, шаң, құм, тер болады.  Әсіресе екі-үш жарым жастағы балаларға бұл мезгілде мүлдем құлақ тескен дұрыс емес, өйткені бұл жастағы балалар белсенді және тентек болады. Сумен инфекция енгізіп алулары да мүмкін. 

Сондай-ақ ол соңғы кездері ата-аналар көбінесе бір жасқа толмаған  және балабақша жасындағы қыздарды да жиі әкелетін айтады.   

– Соңғы жылдары жылда құлақ тесетін жас бойынша өзгерістер байқалады. Мысалы, бес жыл бұрын төрт-бес жастағы қыздарды көбірек әкелсе, қазіргі кезде алты айдан бастап әкеледі. Мен тіпті, екі айлық қыздың, сондай-ақ үш және төрт айлық қыздардың құлақтарын тесіп жүрмін, – дейді білікті маман. 

Оның айтуынша, айына орта есеппен 100-150 адам құлақ тестіруге келеді. Ол соңғы сегіз жылда шамамен оң мыңнан астам адамның құлағын тескен. 

Бұрындары отқа қыздырылған инемен тессе, қазіргі кезде құлақты арнайы құрылғымен тестіреді. Құрылғымен тескенде қатты ауырмайды және сырғасы қоса тағылады. Құрал-жабдықтар залалсыздырылады, инесі арнайы қорапта болып, тек бір рет қана пайдаланылады. 

– Құлақ тескеннен кейін үш күн бас жууға болмайды. Бір апта монша, бассейн, белсенді спортқа бармаған жөн. Ал қандай құралдармен өңдеу керек және оны қалай жасау керек, қанша уақыт деген сияқты кеңестер құлақ тескеннен кейін жеке беріледі, – дейді Алтынай Ахметова. 

Бұрындары ұзақ күттірген ұл дүниеге келгенде оның да құлағын тесіп, сырға салатын болған. Бұл бір жағынан тіл-көзден қорғау үшін жасалса, екінші жағынан жын-шайтандарды шатастыру мақсатын көздеген. Қазақтарда ұл бала мұндай сырғасын бес жасқа дейін таққан. 

Павлодарлық маманның тәжірибесінде қазақтың ұл баласына құлақ тестіру болмағанын айтады. Бірақ орыс ұлтының ұл балаларына құлақ тескен.