Павлодарлық тарихшы: Құдағи жүзікке екінің бірі лайық бола білмеген
@Pavlodarnews.kz тілшісі саусаққа тағылатын сәндік бұйымдардың мән-мағынасын ашып, талқылауды жөн көрді.
Облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музей қорларының бас сақтаушысы, тарихшы Әлия Жомартованың пайымдауынша, сақина мен жүізктер – ең алуан түрлі зергерлік бұйымдардың бірі болып табылады.
– Ежелгі заманнан бері сақиналар сиқырлы қасиеттерге толы екені айтылып келе жатыр. Олар ғажайып күшке ие және зұлым рухтардан қорғайды деп есептелді, сондықтан қазақ әйелдері екі-үш, тіпті төрт сақина тағып жүрген. Сондай-ақ, күміс сақинасыз дайындалған тағам «таза емес» деп саналды, – деді Әлия Жомартова.
Кішкентай кезінен бастап қыздардың қолында сақина болған, өйткені бұл зергерлік бұйым тұмар ретінде саналған. Археологиялық қазбаларда ежелгі уақытта біздің аумағымызда жаужүрек батыр қыздар киген ежелгі сақиналар жиі кездесіп, табылады. Сақина – сәндік мағынада ғана емес, қорғаныстың бір бөлшегі ретінде болған. Қыз-келіншектер мен әйелдер үшін жүзіктер мән-мағынасымен айрықшаланды. Жүзіктердің ішінде құстұмсық пен құдағи жүзік деп аталатын ерекше түрлері бар.
–Құсмұрын немесе құстұмсық деген атаумен белгілі жүзік құстың тұмсығына ұқсас етіп жасалады. Ежелден-ақ, ата-ана қызына үйдің қонағы ретінде қарады және олар оның құс сияқты ерте ме, кеш пе ұядан ұшып, кететінін білген. Сондықтан, бұл жүзікті басы бос, әлі тұрмыс құрмаған, жар болуға дайын қыз таққан,– деді Әлия Жомартова.
Ұзатылып кеткен қыз құстұмсық сақинасын сақтаған. Қыз жаңа отбасыға келін болып түскенде жүзіктің мағынасы өзгеретін. Құстұмсық жүзігі – қыз бен ата-ана арасындағы сәлемдемеге айналатын.
–Ерте кезде қыздар өте алыс, басқа аймақтарға ұзатылып, ата-анасымен ұзақ уақытқа байланысы үзілген еді. Егер қыздың туыстарының бірі оның ауылына шаруалармен барса, анасы қызынан хабар күтіп, қобалжыған күйде отыратын. Бойжеткен құстұмсық жүщігін кері қайтарып жіберсе, бұл оның бақытты, жағдайының жақсы екенін білдірді. Қуаанышқа толы анасы ақ дастарханды жайып, қонақтарды шақырып, жақсы жаңалықтармен бөліскен,– деді тарихшы.
Тағы бір мағыналы жүзіктің түрі – құдағи жүзік. Оны құдалық кезінде құдағиларына сыйға тартқан.
–Ірі болып келетін зергерлік бұйым бірден екі саусаққа тағылады. Сопақша немесе дөңгелек пішіндес жүзік отбасы және оның әл-ауқатының нышаны ретінде саналған. Жүзіктің екі жағындағы тастар немесе шыны бөлігі екі отбасын, ал ортасындағы элемент екі жанұяның бірігуін білдіреді,– деді Әлия Жомартова.
Сақинаны безендіру үшін көбінесе қызыл ақық қолданылады. Бұл – өмірді бейнелейді.
–Қазақ дәстүріне сәйкес мұндай жүзікті қалыңдықтың анасы күйеу жігіттің анасына үйлену тойынан бір жыл өткен соң сыйға тартады. Әр құдағи мұндай сыйлыққа ие бола бермейді, тек аялаған қыздарын туған баласы ретінде қабылдап, жақсы көре білген әйелге ғана берген. Құдағи жүзік сыйға тартылған ана құрметке лайық, қамқоршыл және жауапты әйел екендігінің дәлелі ретінде мақтанышпен тағып жүрген,– деді тарихшы.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта құдағи жүзікті тек қалыңдық тарапынан ғана емес, күйеу жігіттің тарапынан да беріледі. Яғни, екі жақ жүзіктермен алмасады.