Павлодарда алаяқтар «Энергоцентр» қызметкерлерінің атынан тұрғындарды алдауда

Павлодарда алаяқтар «Энергоцентр» қызметкерлерінің атынан тұрғындарды алдауда
Фото: pexels.com / Robert So

Есептегіштерді тексеру сылтауымен тұрғындарға қоңырау шалу фактілері тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, белгісіз тұлғалар тұрғындарға есептегіштерді тексеру және пломбалау қажеттілігі туралы жалған ақпарат беріп, осы арқылы тұтынушылардың сеніміне кіруге тырысады.

Алаяқтардың схемасы бойынша, олар кәсіби энергетикалық лексиканы қолданып, жеделділік сезімін тудырады. Сенімге кірген соң, олар SMS-хабарлама жіберетінін және шақыртуды немесе тексеруді растау үшін ондағы кодты хабарлау қажеттігі туралы айтады. Энергетикалық компания өкілдері мұндай алаяқтық схемаларының күннен күнге күрделеніп, әртүрлі тәсілдермен іске асырылуы мүмкін екенін ескертеді.

Павлодар энергетикалық компаниялары тұрғындарға басты ережелерді есте сақтауды өтінеді. 

– SMS арқылы келген кодтарды, банк карталарының деректерін және кез келген жеке ақпаратты ешкімге ешқашан хабарламаңыз. Компания қызметкерлері тұтынушыларға телефон, әсіресе WhatsApp, Telegram сияқты мессенджерлер арқылы хабарласпайды. Егер сізде қандай да бір күмән туындаса, сөйлесуді дереу тоқтатып, ақпаратты нақтылау үшін 8 (7182) 903-309 нөмірі бойынша ресми байланыс орталығына қоңырау шалу қажет. Барлық өзекті ақпарат «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» ресми сайтында және оның Instagram-аккаунтында ғана орналастырылады, – делінген хабарламада.

Компания сонымен қатар электр энергиясын есепке алу құралын уақытылы тексеру және пломбалау әр пәтер иесінің жеке жауапкершілігі екенін еске салады. «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» қызметкерлері тексеру мерзімі аяқталғандығы туралы хабарлау үшін тұтынушыларға арнайы қоңырау шалмайды. Тұрғындарға абай болу және жақындарына да осы алаяқтық әрекеттері туралы ескерту ұсынылады.