Павлодарлық ұландықтар Астанада жоғалған смартфондар мен балаларды тауып алды
Елордада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, елордадағы қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері аттанған.
Астана қаласының Байқоңыр ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызметке кіріскен ұландықтар Иманов көшесі бойынан IPHONE 15 маркалы телефонды анықтады.
– Телефон көлік тұрағы маңынан табылды. Смартфонды қолымызға алғаннан кейін бұғатқа қойылғанын аңғардық. Телефонға 15 минуттан кейін белгісіз нөмірден қоңырау келіп түсті. Бұдан кейін хабарласқан азамат көрсетілген орынға келді. Құпиялар мен ақпараттық шынайылығы расталғаннан кейін телефон иесіне қайтарылды, – дейді патрульдік топ бастығы капитан Уалихан Айту.
Телефон иесі әскери жасақтың адалдығы үшін өз алғысын білдірді. Ұландықтардың қызметтегі қырағылығы мұнымен шектелмеді. Сол күні олар «Орро» маркалы телефонды тауып иесіне табыстады. Павлодарлық әскери бөлімнің жауынгерлік жасағы келесі күні Байқоңыр ауданында қызмет атқару барысында аялдама жанынан ата-анасын іздеген екі баланы көреді.
Екі сағат бойы үйлерін таба алмай жүрген балалар көмек сұраған. Ұландықтар аталмыш ауданда орналасқан учаскелік полиция бөлімшесіне жеткізеді. Учаскелік бөлімшеге асыға жеткен қос ұлдың әкесі әскери жасаққа алғыс айтып, азаматтық ұстанымдарына ризашылығын білдірді.