Павлодар облысында мал ауруларының алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
Ветеринарлық іс-шаралар жоспарында миллиондаған манипуляция жүргізу көзделген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл жануарлардың аса қауіпті ауруларын диагностикалау жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарымен 1,2 милион диагностикалық зерттеулер жүргізу жоспарланған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ветеринария басқармасы басшысының м.а. Асылтас Тілеубаев мәлім етті.
– Жоспарды орындау барысында 284 985 бас ірі қара мал зерттелді. Жұқтыру көрсеткіші 0,5 пайызды құрады. 340 315 бас ұсақ мал зерттелді. Жұқтыру көрсеткіші – 0,03 пайыз. Жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу жөніндегі 2024 жылға арналған ветеринариялық іс-шаралар жоспарында 8,7 миллион манипуляция жүргізу көзделген, – деді Асылтас Тілеубаев.
Қазіргі уақытта облыста жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін 4,4 миллион ветеринарлық препарат бар.
Бұдан басқа, облыста ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесінің деректері бойынша 1 542 493 бас тіркелген. Оның ішінде: ірі қара мал – 526 845 бас, ұсақ мал – 675 756 бас, жылқы – 261 678 бас, шошқа – 78 214 бас.
Бүгінгі таңда облыстың қалалары мен аудандары 2024 жылы туған ауыл шаруашылығы жануарларының жас төлдерін бірдейлендіру үшін құлақ сырғаларымен толық қамтамасыз етілген.
– Ветеринарлық саланы цифрландыру шеңберінде бақылау мен мониторингтің жаңа әдістерін енгізудеміз. Мал сою алаңдары мен ветеринарлық мамандары бар пункттер ет өнімдерінің қозғалысын бақылау үшін зертханалармен жабдықталған, – деді облыстық ветеринария басқармасының эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу бөлімінің басшысы Самат Мажиров.
Оның айтуынша, сою алаңдары бойынша мәселе өзекті. Стандарттар бойынша адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін малды арнайы белгіленген жерлерде сою керек.