Павлодарда қыздар ұршық иіруден сынға түсті (ФОТО)

Павлодарда қыздар ұршық иіруден сынға түсті (ФОТО)
Фото: М. Катаев атындағы Оқушылар сарайы

Байқауға қалалар мен аудандар бойынша бірінші турдан өткен 14 оқушы қатысты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Аққу» жобасы аясында «Қыз еркем – кестесімен көркем»   атты облыстық  байқауы  өтті. Сайыс төрт кезеңнен тұрды: «Аққу» клубы арқылы мен не алдым?» тақырыбындағы презентация қорғау, «Шеше көрген тон пішер» байқауында ұршық иіріп, жүн түту, «Ақылына көркі сай» - білгірлер сайысында өз білімдерін ортаға салу және «Тақия тігеміз!» байқауында қолөнерші қыздар тақия пішті.  

– Конкурстың мақсаты – қазақ қызының  бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық сияқты жан-жақты ұлттық қасиеттерін таныта білу, ұлттық қолөнерімізді дәріптеу. Сайыстың ерекшелігі – қатысушылардың тақия тігу ерекшелігін көрсету, ұршық иіріп, жүн түту және «Аққу» қыздар клубы мүшелерінің өз жергілікті клубтарын таныстыру, – деді  облыстық «Аққу» жобасының үйлестірушісі Майя Темірболатова.

Сайыстың  құрметті қонағы «Кәусар бұлақ» әжелер мектебінің төрайымы және ардақты әже Ғалия Сұңғатова болды. 

Облыста 2021 жылы «Аққу»  облыстық жобасы іске қосылып, қыз балаларға арналған клубтар ашылды. Бұл жоба жасөспірім қыздардың әлеуметтік-құқықтық және психологиялық құзыреттілігін дамытуға жағдай жасау, психологиялық  күйзелісті  жеңуге, ұлттық бірегейлікті сақтауға, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды зерделеу арқылы рухани құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі таңда облыс бойынша 3643 қыз баланы қамтитын 251 «Аққу» қыздар клубы жұмыс істейді. Ерекше тізімде тұрған  қыз балалар саны - 32.

Конкурстың қорытындысы бойынша Бас жүлдені Бауыржан Момышұлы атындағы ЖОББМ оқушысы Айгерім Хасанова жеңіп алды (жетекшісі – Назира Сейітова).  Бірінші орынды Екібастұз қаласы Байет жалпы орта білім беру мектебінен Мәдина Бекет (жетекшісі – Алпемаш Еркен), екінші орынды  Шарбақты ауданы Абай атындағы ЖОББМ оқушысы Алина Жұмабекқызы (жетекшісі – А. Смайлова),   Май ауданы Аманкелді  Иманов  атындағы  ЖОМ оқушысы Ақерке Тортай (жетекшісі - Бибигүл  Қабдуллина), үшінші орынды    Железин ауданы Міржақып Дулатұлы атындағы №3 ЖОМ оқушысы Айару Олжабаева (жетекшісі – Амина Құсайынова), үшінші орынды Теренкөл ауданы, Қатша Оспанова атындағы №3 ЖОББМ оқушысы Аксана Нұргожина (жетекшісі – Н. Шугаипова),  Ақтоғай ауданы Абай атындағы ЖОББМ оқушысы  Маржан Өмірова (жетекшісі – Маржан Сейіл) иеленді.