Павлодар облысында биыл қанша медициналық нысан салынады?
Құрылыс нәтижесінде ауыл халқының 15 мың тұрғыны сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ҰК іске асыру шеңберінде 2024 жылы ауылдық елді мекендерде 30 медициналық нысанның құрылысы жоспарланғанын мәлім етті. Оның ішінде: екеуі – дәрігерлік амбулатория, бесеуі – фельдшерлік акушерлік пункт, сондай-ақ 23-і – медициналық пункт.
– Жобаны іске асыру құны 4,6 миллиард теңгені құрайды. Атап айтқанда, Екібастұз қаласы, Ақтоғай, Май аудандарында – екі, Ертісте – үш, Железин, Шарбақты, Тереңкөл, Павлодар аудандарында – бір, Успенде – бес, Аққулыда – алты және Ақсу қаласында алты жаңа медициналық нысан салынады. Құрылыс нәтижесінде ауыл халқының 15 мың тұрғыны сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етілетін болады, – деді Әнуар Бұйрашев.
30 жобаның 28-і мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. 10 жоба бойынша ҚМЖ конкурстары аяқталды және мердігерлік ұйымдар анықталған. 11 сәуірде құрылыс жұмыстары басталып, 10 шілдеде аяқталады деп күтілуде.
Басқарма басшысы 18 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына мердігерлік ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілгенін, құрылыс басталғаннан кейін жұмыстар қараша айында аяқталатынын атап өтті.
– Жобаны іске асыру кезінде жұмыс орындарын саны бойынша 64 уақытша және төрт тұрақты кіші персоналға жұмыс орын құру көзделеді. Сол төрт вакансия бойынша жұмыс істейтін мамандар дайын. Құрылыс жұмыстары біткеннен кейін жұмысқа кіріседі, – деді спикер.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс бойынша 167 медицина маманы жетіспейді. Көбінесе салалық мамандардың тапшылығы байқалады.