Былтыр Павлодар облысында жетпіске жуық қымбат ота жасалды

Былтыр Павлодар облысында жетпіске жуық қымбат ота жасалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әрқайсысының құны үш-жеті миллион теңге аралығында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КАҚ облыстық филиалының директоры Жангелді Шайымбетов мәлім етті.

– Халықтың сақтандырылған санаты үшін құны бір миллионнан 40 миллион теңгеге дейінгі қымбат оталар қолжетімді. Былтыр 207,1 миллион теңгеге 67 қымбат ота жасалды. МӘМС жүйесі арқылы отаны жасату үшін науқаста тиісті медициналық көрсеткіштер болуы керек,– деді Жангелді Шайымбетов.

Мысалы, ең қымбат оталарға автоматты кардиовертер-дефибриллятор имплантациясы жатады. Құралды имплантациялау өмірге қауіп төндіретін аритмияны жоюға және жүректің тоқтап қалуын болдырмауға арналған.  Осындай бір отаның құны – 8,1 миллион теңге. 2023 жылы аталған отаны бес адамға жасатты. 

Ал аорта қақпақшасын эндоваскулярлық импланттаудың құны –  6,5 миллион теңге. Ол кардиохирургиялық операциялар жасауға кері көрсеткіштер қойылған күрделі аорта стенозы бар науқастарға жасалады. Былтыр осындай ота екі рет жүргізілді. 

Ми аневризма кезінде бас және мойын тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы жасалады. Отаның құны – 5,8 млн теңге. Былтыр тоғыз адамға осындай отаны жасады.

Тері арқылы транспендикулярлық бекету және кейде орнатумен бірге жұлын миының құрылымдарының микроскопиялық декомпрессиясының құны – 4,6 млн теңге. Былтыр бұл ота он рет жасалды.