Павлодарлықтар тері мен венерологиялық ауруларды қай жерде емдей алады?
Соңғы уақытта дәрігерлер бұл аурулардың өсімін байқай бастады. NFP ұйымының мәліметі бойынша, тері ауруына жататын псориаз ауруы кем дегенде 125 миллион адамда кездеседі. Псориаз-созылмалы тері ауруына жатады. Ол денеде қызыл қабыршақты бөртпелермен көрінеді. @Pavlodarnews.kz. тілшісі бұл аурулармен кім және қалай күресуге көмектесетінін сұрастырып көрді.
Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана бүкіл өңір тұрғындарына консультациялық, стационарлық және стационарды алмастыратын мамандандырылған көмек көрсететін тері-венерологиялық орталықтың жұмысын үйлестіреді. Ол жерде дәрігерлер тері мен венерологиялық ауруларды емдеуге көмектеседі.
– Мен 25 жыл бұрын облыстық тері-венерологиялық орталыққа жұмыс істеуге келген едім. Сол уақыттарда біздің орталық Циолковский көшесі, 17 мекенжайында қызмет көрсеткен болатын. Ал 2017 жылы орталықты Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға қосты. Дәл сол жылдың сәуір айында денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен тері-венерологиялық орталық жеке ғимаратқа көшті, – деді мекеме меңгерушісі Гүлнар Байсекенова.
Орталықтың бірінші қабатында бірнеше зертхана орналасқан–бактериологиялық және клиникалық. Ал серологиялық зертхана бөлек ғимаратта жұмыс істейді. Клиникалық зертханада терінің саңырауқұлақ ауруын, шырышты қабаттардың, тырнақтардың, шаштың зақымдануына қатысты диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ, зертхананың мамандары жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға (гонорея, трихомониаз, гарднереллез, кандидоз жәнет.б.) жағындылардың микроскопиясын жүргізеді. Соңғы кезден бастап орталықта спермограмма, МАР-тест жүргізіле бастады. Айта кету керек, облыста тек қана тері-венерологиялық орталықта ғана жатырішілік ұрықтандыру үшін сперматозоидтардың ДНҚ фрагментациясын жасайды.
Ал бактериологиялық зертханада саңырауқұлақ аурулары мен жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға қатысты зерттеулерді жүргізеді. Сондай-ақ антибиотиктерге сезімталдық дәрежесі белгіленеді. Осылайша, антибиотикалық терапияның осы немесе басқа түрінің максималды тиімділігі анықталады. Нәтижелерді дерматологтар мен венеролог мамандары алады. Жалпы ауруханада он екі дәрігер жұмыс істейді. Олар науқастардың жағдайын қадағалап, дұрыс емделуіне жауапты болады.
Орталықтың екінші және үшінші қабатында тері-венерологиялық диспансерлік бөлімше және күндізгі, тәулік бойы стационарлық бөлімшелер орналасқан.
Қызыл дақтардың ауруы
Бөлім меңгерушісінің айтуынша, өңірдегі жалғыз Вальдман ультракүлгін кабинасы тек қана тері-венерологиялық орталықта бар. Ол 42 флуоресцентті шамдармен жабдықталған. Дәрігерлер аталған шамдардың жарығы адам денесіне оңтайлы әсер етеді деген пікірде.
– Кабина біркелкі фотосурет жүктемесін жасайды және витилиго, псориаз, атопиялық дерматиттің әртүрлі формаларын емдеу үшін мүмкіндігінше тиімді болып табылады. Көбінесе фототерапия курсынан кейін адамда ошақтардағы жасушалық иммундық реакциялардың ішінара немесе толық қалыпқа келуі байқалады. Бұл осы әдістің патогенетикалық механизмін көрсетеді, – деп түсіндірді ГүлнарБайсекенова.
Вальдман кабинасындағы сеанс бірнеше секундтан минутқа дейін созылады. Кабинадағы болу уақыты науқастың тері ауруының түріне және дәрежесіне байланысты есептеледі. Кейбір науқастар осы кабина арқылы кілең таза теріге қол жеткізеді. Тері ауруымен әртүрлі жастағы ерлер мен әйелдер шалдығуы мүмкін. Алайда аурудың орташа және ауыр деңгейінде биологиялық терапияға жүгіну ұсынылады.
Орталықтың дәрігерлері диагноз қойып, қорытынды береді, онымен бірге науқастар емханаларда дәрі-дәрмекті МӘМС арқылы тегін ала алады. Бұл тек ауыр жағдайдағы тері аурулары бар науқастар үшін қолжетімді. Осындай препараттың құны-бір миллион теңгеден астам. Оны үш айда бір рет тері астына енгізу керек. Бірінші жылы– бес рет, содан кейін-төрт рет. Науқастың терісі толық қалпына келгенге дейін инъекциялар жалғаса береді. Бөлімше меңгерушісінің айтуынша, биыл 30-дан астам науқас осындай тегін көмек ала алды.
33 жастағы Ардақ Сұлтанова 2018 жылдан бері псориазбен өмір сүріп келе жатыр. Оның денесінің 90 пайызы қызыл бөртпелермен қаптап кеткен еді. Бұл ауру павлодарлық тұрғынның денсаулығына кері әсерін тигізген болатын.
– Ауру күйзелістің салдарынан пайда болды. Мен эстетикалық жағынан ыңғайсыздықты қатты сезіндім. Бөртпелер қышып, ашық қызыл түсті болды. Жүрген кезде олар жарылып, қанап кететін, – деп есіне алады Ардақ Сұлтанова. – Бетім–бүкіл денемнің жалғыз таза аймағы болды. Ауру тіпті тырнағыма дейін де жетті.
2020 жылға дейін Ардақ дәрі-дәрмекпен емделді, ал квота алғаннан кейін үш айда бір рет тегін инъекция алады. Бүгінде ауру ремиссия сатысында.
– Терінің жағдайы өте жақсы, ешқандай шағым жоқ. Сонда да үнемі тексеруден өтіп, препараттың қалай әрекет ететінін байқап отырамын, – деп қосты ол.
Гүлнар Байсекенованың сөзінше, псориаз генетикалық факторларға да байланысты пайда болуы мүмкін. Алайда, аталған тері ауруы жұқпалы болмағанымен де, өзінің қиын салдарға әкеп соғатын жағдайлар да кездеседі. Бұл аурудың алдын алмаған кезде мүгедек болып қалу ықтималдығы артады.
Псориазбен ауыратын науқастардың көпшілігі есепке тұрмай, өздігінен емделуге тырысады. Қазіргі уақытта Қазақстанда аурудың орташа және орташа ауыр түрлерімен ауыратын науқастар үшін инновациялық биологиялық емдеу қолжетімді. Қазақстанда ресми түрде псориазбен ауыратын алты мыңнан астам науқас тіркелген. Олардың шамамен 30%-ы псориаз ауруының орташа және ауыр түрлері байқалады.
Ақ дақтардың ауруы және «микс»
Павлодарлықтарда тері ауруларының арасында псориаздан басқа, витилиго ауры жиі кездеседі. Халық арасында денедегі белгілерге байланысты оған «ақ дақтар» деген атауы берілді. Тері-венерологиялық орталықта витилиго мектебі бар. Ол жерде дерматологтар теріні қалай дұрыс күтіп, қандай жақпа майын қолдану керектігін түсіндіреді.
Оған қоса орталықта трихолог дәрігер қабылдауды жүргізеді. Ол ересектер мен балалардың шаш пен бас терісінің ауруларын анықтау және емдеумен айналысады. Дәрігер компьютер арқылы шаш пен бас терісінің жағдайын тексеріп, трихоскопияны өткізеді. Яғни, бас терісін 60-200 есе үлкейту арқылы тексереді.
Тері ауруларының алдын алу үшін гигиенаның негізгі ережелерін сақтау керек. Жұмыстан, оқудан, адамдар көп жиналатын жерлерге барғаннан кейін қолды үнемі жуу қажет. Әсіресе, белсенді өмір салтын ұстанатын адамдар үшін– спортшылар, бишілер. Дерматологиялық аурулардың пайда болуын болдырмау үшін теріні таза ұстап, салқын душ қабылдау ұсынылады.
Гүлнар Байсекенованың сөзінше, орталықта тері аурулардан басқа жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды да емдейді.
– Мұндай инфекциялардың түрі 20-дан асады. Ең көп тарағандары-сифилис, гонорея, трихомониаз, хламидиоз, уреаплазмоз, метаплазмоз. Әдетте, олар асимптоматикалық болып табылады, яғни науқастар ешқандай белгілерді көре алмайды,–деп атап өтті спикер. – Аталмыш инфекциялар қауіпті, себебі олар қабынуды тудырады. Егер олар ұзақ уақыт емделмесе, бұл бедеулікке әкелуі мүмкін.
Оның айтуынша, кейде науқастарда бірден бірнеше инфекция диагнозы қойылады, яғни инфекциялардың «миксі».
– Өкінішке орай, көптеген жастар жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы білмейді. Олар ауру мен алғаш кездескен сәтте бойларында қорқыныш пен үрей пайда болады. Бірінші кезекте олар достарына жүгінеді, – деді Гүлнар Байсекенова. – Біздің орталыққа 14-15 жастағы жасөспірімдер де, ересектер де келеді. Дәрігердің дұрыс таңдауы ғана адамның толық емделуінің кепілі болып табылады. Дәріханаға барып, кез-келген антибиотикті қабылдау дұрыс емес. Дәрігер дұрыс диагноз қойып, өзі тексеруі керек.
Орталықта венерологтардың әйелдер мен ерлер қабылдауы бар. Мекемеде емделген бедеулікпен ауыратын көптеген науқастар сау баланы көтеріп, орталықтың дәрігерлеріне алғыстарын айтуда. Егер де адам есепке тұрғысы келмесе, ол жыныстық инфекцияға деген күдікпен анонимді кабинетке жүгіне алады. Ол үшін тіркеу орнында жеке анонимді қабылдауды сұрау қажет. Науқасқа код беріледі де, алдағы бүкіл емдеу курсы анонимді өтеді, яғни адамның есімін ешкім сұрамайды. Оған әдетте жариялылықтан қорқатын адамдар жүгінеді.Тері-венерологиялық орталықтың дәрігерлері жүз пайыз құпиялылықты қамтамасыз етеді.
Дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қабылдау көбінесе инфекциялардың жасырын түрге өтуіне әкеледі. Сондай-ақ, өзін-өзі емдеу дәрігерлердің жұмысын қиындатады. Антибиотикалық терапия кез-келген науқасқа сәйкес келмеуі мүмкін. Емделмеген жыныстық жолмен берілетін инфекциялық аурулар ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін. Соның ішінде соқырлық және басқа да неврологиялық бұзылулар, бедеулік, туа біткен ақаулар. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялық аурулардың алдын алу үшін кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болу ұсынылады.
Гүлнар Байсекенова тексерілмеген әдістермен емделмеуді және тек мамандандырылған көмекке жүгінуге кеңес береді. Тері-венерологиялық орталық МӘМС бар науқастарды тегін қабылдайды. Бірақ міндетті түрде қабылдауға алдын ала жазылу қажет. Тұрғындар терапевттің жолдауынсыз-ақ дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін орталыққа бара алады. Қабылдауға 22-35-22 телефоны арқылы жазылуға болады.
Жарнамалық материал
№ 00986DS лицензиясы 23.01.2012 жылы Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы берді. Павлодар облысының әкімдігі.