Павлодар облысында катодты мыс өндіретін алғашқы зауыт іске қосылды

Павлодар облысында катодты мыс өндіретін алғашқы зауыт іске қосылды
Фото: Валерий Бугаев

Жаңа кәсіпорын жергілікті кенді өңдеп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Fonet Er-Tai Mining» ЖШС-нің жаңа кәсіпорны Павлодар және Қарағанды облыстарының шекарасындағы Әлкей Марғұлан ауылына жақын жерде орналасқан. Зауыттың ашылу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.

Өңір басшысының айтуынша, зауыттың іске қосылуы облыс өнеркәсібін дамытудағы маңызды кезең болды. Жобаның құны 11 миллиард теңгеден асты.

– Биыл Екібастұз моноқалалар тізімінен шығып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді түрде қадам басты. «Fonet Er-Tai Mining» гидрометаллургиялық зауытының іске қосылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді. Құны 11 миллиард теңгеден асатын жоба өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытудағы қуатты қозғаушы күшке айналады. Кәсіпорын жергілікті мыс кенін өңдеп, жылына бес мың тонна жоғары сапалы катодты мыс өндіреді. Бұл - энергетика, инфрақұрылым және жоғары технологиялық салалар үшін стратегиялық маңызы бар металл. 300-ден астам жұмыс орны ашылып, жүздеген отбасының тұрақты жұмыспен қамтылуына және әл-ауқатының артуына мүмкіндік береді, – деді Асайын Байханов. 

Кәсіпорында металды тиімді өндіруге және қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік беретін заманауи гидрометаллургиялық әдіс қолданылады.

Салтанатты ашылу рәсімі барысында қонақтарға зауыт құрылысы мен жобаның жүзеге асырылу кезеңдері туралы фильм көрсетілді. Облыс әкімі инвесторларға өңірге сенім білдіргені үшін алғыс айтып, ұжымға табысты жұмыс тіледі.