Павлодарда түркі мәдениетін ұлықтаған ерекше байқау ұйымдастырылды
2018 жылдан бері киелі Ертіс-Баян өңірінде бұл шара жоғары деңгейде жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінде Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастыруымен түркі жазбалары күніне арналған «Түркі жазбалары – мәңгілік мұра» атты облыстық конкурсы өтті.

Облыстық мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Батырбек Қайырдың айтуынша, о баста бұл шара концерттік бағдарлама ретінде өткізілсе, кейін бірнеше жыл қатарынан конференция форматында ұйымдастырылуда. Ал биыл жаңашыл форматта, яғни конкурс түрінде өткізіліп отыр.
– Шараның негізгі мақсаты – халықтар достығын нығайту, көне түркі тілдес халықтардың салт-дәстүрін дәріптеу, олардың наным-сенімдерін жастарға түсіндіру, сондай-ақ мемлекеттік тіл – қазақ тілінің абыройын арттырып, насихаттау, – дейді Батырбек Қайыр.
Конкурс үш кезеңнен тұрады: «Ұлы дала жазуы», «Ғасырлар қолтаңбасы», «Киелі ұғымдар сыры».

Алғашқы кезеңде қатысушыларға алдын ала бірнеше тақырып пен сұрақтар берілді. Бірақ нақты жауаптары ұсынылған жоқ. Яғни емтихан секілді, қатысушылар сол тақырыптарға дайындалып келді. Конкурс барысында ұяшық таңдалады, сол ұяшықтың ішінде жасырылған сұрақ болады. Екінші кезеңде қатысушылар түркі жазбалары тақырыбына байланысты эссе жазады. Ал үшінші кезеңде көне түркі халықтарына ортақ наным-сенімдер мен салт-дәстүрлердің мағынасын ашып, ұяшықтардағы сұрақтарға жауап береді.
Бұл конкурсқа он сегіз жастан асқан он аудан мен үш қаладан келген азаматтар қатысты. Жас бойынша жоғары шектеу жоқ. Дегенмен, әр аудан мен қаладан тек бір ғана үміткер ұсынылды. Оларды тіл саясатына жауапты бөлімдер ресми хат арқылы жолдады. Қатысушылардың ішінде студенттер де, мұғалімдер де, мәдениет саласының қызметкерлері де және басқа да түрлі сала өкілдері бар.
– Әрине, бұл шараның тағы бір маңызы – түркі тілдес халықтардың ортақ мәдениеті мен рухани байланысын насихаттау. Біздің өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында түркі тілдес этномәдени бірлестіктер бар. Соның ішінде өзбек, татар және басқа да халықтардың өкілдерін атап өтуге болады. Сондықтан конкурсқа тек қазақтар ғана емес, өзбек, татар, қырғыз секілді түркі тілдес ұлт өкілдері де қатысты, – деді бөлім басшысы.

Железин ауданынан келген қатысушы, математика пәнінің мұғалімі Жавохир Абдурауфов іс-шара түркі халықтарының тілі мен мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік бергенін айтады.
– Өзім өзбек ұлтынанмын. Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақ тілін білу – әр адамның міндеті деп ойлаймын. Қазақ пен өзбек – бір туған халық. Сондықтан қазақ тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білу маңызды, – дейді Жавохир Абдурауфов. – Дайындық барысында өзіміз білмеген көптеген мәліметтерді іздеп, таныстық. Осындай іс-шаралар адамға әрдайым қосымша білім береді, ал білімнің артығы болмайды.
Екібастұз қаласы, №25 қазақ қыздар гимназиясында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Меңтай Көбешова жалпы түркі жазбалары тақырыбы мектеп бағдарламасында қамтылатындықтан ерекше дайындықпен келгенін алға тартты.
– Қосымша қалалық орталық кітапханаға барып, түркітанушы ғалымдардың еңбектерімен таныстым. Бұл конкурс болашақ үшін өте маңызды деп ойлаймын. Себебі тарихты білмей болашаққа қадам баса алмаймыз. Көне түркі жазбалары VIII ғасырдан, тіпті кей деректер бойынша IV ғасырдан бастау алады. Сондықтан оны біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіпті қанымызға жазылған код деп есептеймін. Өзіміздің шыққан тегімізді білуіміз керек. Дайындық барысында көптеген жаңа мәліметтерге тап болдым. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауидің «Даналық кітабын» Саттар Дербісәлі қажы аударғанын бұрын білмеппін. Осындай тың ақпараттар өте көп кездесті, – дейді ол.

Қатысушылардың жұмыстарын жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамынан құралған қазылар алқасы бағалады.
Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен, Алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.