Павлодарлық жастар ұлттық өнім өндірісіне бет бұрды
Аймақ аумағында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Аталмыш жоба ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде жүзеге асырылуда.
– Жобаның басты мақсаты – жергілікті ресурстарды пайдалана отырып, өңірлік өнімдерді дамыту және олардың ішкі әрі сыртқы нарыққа шығуына жағдай жасау, – деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық баспасөз хатшысы Александр Вервекин.
Бағдарлама тек өнім өндірумен шектелмейді. Мұнда тауар жергілікті ерекшелікті көрсетуі, қарапайым технологиямен жасалуы және экономикалық тұрғыдан тиімді болуы маңызды. Сонымен қатар, өнімнің қауіпсіздігі мен сапалы қаптамасы да – негізгі талаптардың бірі.
Жобаға қатысуға ниет білдірушілердің саны жыл сайын артып келеді. 2023 жылы 17-ден астам өтінім қабылданса, 2024 жылы шамамен 35 өтінім тіркелген. Өткен жылы бұл көрсеткіш отыз жетіден асты. Қазіргі таңда он өтінім іріктеу кезеңінде қарастырылуда.
Жобаға қатысушылар арасында ең танымал бағыттар – азық-түлік өнімдері мен қолөнер бұйымдары. Қатысушылар сонымен қатар креативті косметикалық өнімдерді, оның ішінде қолмен жасалған сабынды да ұсынады.
Көрме-жәрмеңкеге іріктеу арнайы жұмыс тобы арқылы жүзеге асады. Өнімдер он балдық жүйе бойынша бағаланып, жергілікті шикізатты пайдалану, өндіріс технологиясы, өнімнің бірегейлігі, нарыққа шығу мүмкіндігі және экономикалық тиімділігі сияқты критерийлер ескеріледі.
Қатысушылардың басым бөлігі – 17-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер. Олар азық-түлік өнімдерінен бөлек, киіз, былғары, керамика және ағаштан жасалған қолөнер бұйымдарын ұсынады.
Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы нақты нәтижелерге ие. Мысалы, «Эко-Дом Павлодар» ЖШС мен Айза ЖК секілді қатысушылар мемлекеттік грант ұтып алып, өз өндірістерін кеңейтіп, нарыққа шыққан.
Өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, финалистер бес миллион теңгеге дейін грант беріледі. Сондай-ақ, үш жыл бойы кәсіби қолдау көрсетіледі.
Осылайша «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бүгінгі таңда ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, жаңа брендтер қалыптастыруға және жергілікті өнімдерді кең нарыққа шығаруға ықпал етіп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін біз ұлттық мұраны жаңа форматта ұсынып, сән индустриясын дамытып жатқан павлодарлық кәсіпкер туралы жазған едік. Ал Ернар Сабыров болса, автокөліктерге арналған жапқыштар тігуді қолға алған жергілікті кәсіпкер.