Павлодар облысында шетелдік жұмыс күші қай салаларға тартылады?

Павлодар облысында шетелдік жұмыс күші қай салаларға тартылады?
Фото: Константин Шелков

Өңірде өндіріс саласының қажеттілігіне байланысты шетелдік мамандарды тарту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2026 жылға өңірге шетелдік жұмыс күшін тартуға 120 орындық квота бөлінген. Оның басым бөлігі инженерлік-техникалық және өндірістік салаларға арналған. Қазіргі таңда облыста 15 кәсіпорында 36 шетелдік маман еңбек етуде.

- Шетелдік жұмыс күшін көбірек тартатын кәсіпорындар қатарында облыстағы металлургия, агроөнеркәсіп, кен байыту, теміржол саласындағы компаниялар тартады. Олардың қатарында халықаралық серіктестіктер де бар. Шетелдік кадрлар көбіне жергілікті нарықта тапшы мамандықтар бойынша тартылады. Бұл өндіріс орындарының тұрақты жұмысын сақтап, жаңа жобаларды дамытуға мүмкіндік береді, - деп хабарлады басқарма мамандары.

Биыл сәуір айында Мемлекет басшысы көші-қон саясатын жетілдіруге бағытталған арнайы Жарлыққа қол қойды. Құжатта жоғары білікті мамандар мен инвесторларды тартуға қолайлы жағдай жасау қарастырылған. Оның ішінде құжат рәсімдеу рәсімдерін жеңілдету, «бір терезе» қағидатын кеңейту және «Алтын виза» тетігін енгізу бар.

Қазір елімізде көші-қон заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша заң жобасы дайындалып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл шаралар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпорындарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге көмектеседі.

Аққу Самсен