Павлодарда құтқарушылар оқушылар үшін квест ұйымдастырды
«Қауіпсіздік бәрінен бұрын: төтенше жағдайда дұрыс әрекет етеміз!» атты квест қауіпсіздік шараларын білуге арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Танымдық әрі пайдалы іс-шараны «Жас көшбасшылар» облыстық форумы аясында облыстық ТЖД қызметкерлері мен «М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайы» КМҚК бірлесіп ұйымдастырды.

– Квесттің басты мақсаты – оқушылардың төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіз мінез-құлық бойынша білімдерін тексеру болды. Ойынның ерекше форматы балаларға қауіпсіздіктің маңызды қырларын меңгеруге, күйзеліс жағдайында дұрыс әрекет етуге және айналасындағыларға көмек көрсетуге үйретті, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Интерактивті форматта өткен ойын барысында қала мектептерінің оқушылары өрт қауіпсіздігі, алғашқы көмек көрсету және судағы қауіпсіздік ережелері бойынша бекітілген бірнеше арнайы станциядан өтті.

– Қатысушылар теориялық сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, күйзеліс жағдайында дұрыс шешім қабылдау және айналасындағыларға жедел көмек көрсету бойынша практикалық тапсырмаларды орындады, – деді ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар балалар құтқарушылар мен Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлерінің мамандық ерекшеліктерімен танысып, заманауи құрал-жабдықтарды көріп, өрт қауіпсіздігі, алғашқы медициналық көмек көрсету және судағы қауіпсіздік ережелері бойынша білімдерін нығайтты.