Екібастұз халқын толғандырған басты мәселелердің бірі қалай шешіліп жатыр?

Екібастұз халқын толғандырған басты мәселелердің бірі қалай шешіліп жатыр?
Фото: Константин Шелков

Биыл жазда кеншілер қаласы үлкен құрылыс алаңына айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұзда бір мезгілде жолдар жөнделіп, аулалар абаттандырылуда. Сонымен қатар жаңа балалар және спорт алаңдары орнатылып жатыр.

Жөндеу науқаны мен абаттандыру жұмыстарының барысымен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов танысты.

Екібастұз әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, жолдардың жағдайы күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр.

- Жол жөндеуге ғана төрт миллиард теңге бөлінді. Қазір мердігер ұйымдар белсенді жұмыс жүргізуде. Биыл 18 көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз, оның сегізі қазірдің өзінде ретке келтірілді. Олардың арасында 20 жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген көшелер бар. Қазір Кеншілер, Бауыржан Момышұлы, Қонаев, Торайғыров, Шешенбеков көшелерін, сондай-ақ осы көшелердің бірінің маңындағы саябақты жаңартып жатырмыз, - деді Аян Бейсекин. 

Қала басшысы жол жөндеу жұмыстарының маңызды бөлігі жолдарды профилирлеу, яғни қиыршық тас төсеу екенін атап өтті. Бұл, ең алдымен, кәріз желілерін салу кезінде бүлінген учаскелерге қатысты.

- Қазір Северный шағын ауданында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Онда асфальт жабындысы қазылған, бұл учаскелерге алдымен қиыршық тас төселіп, кейін толық асфальтталады. Шағын ауданда 50-ден астам көше бар. Осындай жұмыстар жаңа су құбыры салынып жатқан аумақта, сондай-ақ кәріз құрылысының екінші кезеңі жүзеге асырылып жатқан Южный шағын ауданында да жүргізіледі, - деді Аян Бейсекин.  

Жеке сектордағы әлі күнге дейін қатты жабыны жоқ көшелерді асфальттау да өзекті міндеттердің бірі болып отыр. Қалада мұндай көшелер саны 120-дан асады.

Асайын Байханов бұл мәселені 2028 жылға дейін толық шешуді және барлық жұмыс кезеңдерін алдын ала нақты жоспарлауды тапсырды.

Аулаішілік аумақтарды асфальттау бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатқа 575 миллион теңге бөлінген. Мердігерлер жұмысты маусым айында аяқтауды жоспарлап отыр

Өңір басшысы әлеуметтік нысандар аумақтарының жай-күйіне де назар аударды. Осындай 25 нысанды абаттандыруға қосымша қаржы бөлінген. Мердігер ұйымдар жақын күндері анықталады.

Балалар және спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

- Келесі маңызды мәселе - аулаларды абаттандыру және балалар мен спорт инфрақұрылымын дамыту. Соңғы жылдары қалада 200-ге жуық аула абаттандырылды. Тағы 80-нен астам аула қалды. Биыл облыстық бюджеттен 50 балалар ойын кешенін орнатуға 950 миллион теңге бөлінді. Конкурстық рәсімдер аяқталды, мердігер жұмысқа кірісті. Орнату жұмыстарын маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жеті футбол алаңының негізі дайындалды, оларды да маусымның соңына дейін толық аяқтау міндеті қойылды, - деп баяндады Аян Бейсекин. 

Сонымен қатар қалада стрит-воркаут пен стритболға арналған он жаңа алаң пайда болады.

- Қаржыландыру қарастырылған. Сіздердің міндеттеріңіз - жұмыстарды сапалы әрі уақытында орындау. Спорт алаңдарын мүмкіндігінше тезірек аяқтау қажет, сонда балалар мен жастар оларды осы жазда пайдалана алады. Сондай-ақ алаңдардың күтімі мен ағымдағы жағдайына жауап беретін мердігерлерді анықтау керек, - деп тапсырды Асайын Байханов.  

Тартан жабындарын жөндеуге, қыстан кейін бүлінген элементтерді қалпына келтіруге және вандализм салдарын жоюға қосымша 100 миллион теңге бөлінді.