Үкіметте «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалу барысы қаралды

Үкіметте «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалу барысы қаралды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталықтың кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жиында өңірлерде тиісті Тұжырымдаманы жүзеге асыру барысы, волонтерлік қозғалысты қолдау жөніндегі шаралар, сондай-ақ экологиялық туризмді дамыту жайы қаралды.

– Баршаңызға мәлім, «Таза Қазақстан» ұғымы жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының біріне айналды. Атап айтқанда, қоршаған ортаны қорғау, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатқа деген қамқорлық құндылықтары басым міндеттер ретінде айқындалып отыр. Бұған дейін бекітілген «Таза Қазақстан» тұжырымдамасында экологиялық саясатты жүзеге асырудың негізгі буыны ретінде жергілікті атқарушы органдарға маңызды рөл жүктелген,— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін айқындау үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі 5 негізгі көрсеткіш аясында «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру бойынша өңірлердің пилоттық рейтингін жасады. Онда халықты ТҚҚ жинау және әкету қызметімен қамту деңгейі, қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі, ТҚҚ полигондарының үлесі, халықты экологиялық акциялармен қамту үлесі және TazaQazBot жүйесі арқылы түскен өтінімдердің орындалу деңгейі ескерілген.

Премьер-министр Олжас Бектенов барлық өңір әкімдіктеріне Президент бастамасын жүзеге асыру тиімділігін арттырып, әрбір бағыт бойынша көрсеткіштерді жақсарту үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.