«PAVLODAR SOUND»: Павлодарда болашақ жұлдыздар анықталуда

«PAVLODAR SOUND»: Павлодарда болашақ жұлдыздар анықталуда
Фото: Константин Шелков

Шаһарда облыстық вокалдық байқаудың іріктеу кезеңі өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өнер байқауының аясында қатысушылар әртүрлі жанрдағы вокалдық нөмірлерін ұсынып, сахна мәдениеті, әртістік шеберлігі және орындаушылық қабілеттерін көрсетуде. Қазылар алқасының шешімі бойынша үздік қатысушылар финалдық кезеңге жолдама алады. 

Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, бұл жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі талантты жас дарындарды анықтап, олардың шығармашылығын қолдау. Сонымен қатар ол ән өнерінің ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігі екенін атап өтті.

– Бүгін сахнаға шыққан әрбір жас талант өз жүрегінен шыққан үнін ән арқылы жеткізеді. Қазіргі таңда қала мен аудандардан келген елуден астам жас өнерпаз қатысып отыр. Іріктеу кезеңінен кейін финал облыстық Ertis Promenade сахнасында өтеді. Финалға шыққан қатысушыларға түрлі сыйақылар қарастырылған. Ал ең үздік өнер көрсеткен талантқа кәсіби студияда ән жаздыру мүмкіндігі беріледі, – деді ол.

Сондай-ақ ол байқаудың ашық форматта өтетінін және оған 14 жастан жоғары жас өнерпаздар қатысып жатқанын айтты. Қазіргі таңда орта және жоғары буын оқушылары мен студенттер, өнер мектептері мен үйірмелердің тәрбиеленушілері бақ сынауда.

Байқауға қатысушылардың бірі – Баянауыл өңірінің тумасы, қазіргі таңда Павлодар қаласындағы музыкалық колледждің үшінші курс студенті Мирас Арыстанбек. Ол негізгі мамандығы дирижёр болғанымен, вокалмен де белсенді айналысады.

– Бүгінгі конкурста мен Ескендір Хасанғалиевтің «Асыл арман» әнін орындаймын. Бұл шығарманы таңдаған себебім – маған оның әндері мен шығармашылығы өте ұнайды. Бұл ән мен үшін бұрыннан таныс, бала кезімнен айтып келемін. Әкем үйде Ескендір Хасанғалиев пен Шәмші Қалдаяқовтың әндерін жиі орындайтын. Сол орта менің өнерге деген қызығушылығымды оятты, – дейді ол.

Ал әнді тек тыңдап қана қоймай, оны «көруге» де болатынын есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері Ламина Шегебаева мен Қанат Бейісхан көрсетуді ұйғарды. Олар ым-ишара арқылы ән орындауды дайындаған.

– Әрине, бұл өнер түрі көбіне ым тілін түсінетін адамдарға жақын. Бірақ қатысушы әнді қолымен орындағанда, ол кез келген адамды таңғалдырады. Қолдың әсем әрі жұмсақ қимылдары, эмоцияны қимыл арқылы жеткізу – мұның бәрі де үлкен шеберлікті талап етеді. Әннің мағынасын сөзбен, ыммен және эмоциямен жеткізу оңай емес, – дейді мектеп өкілі.

Тағы бір қатысушы – Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Валерия Шмулько. Ол вокалмен 10 жыл айналысып келеді және республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі байқауларға жиі қатысады.

– Мен фортепиано мен гитарада ойнаймын, музыкалық мектепті гитара сыныбы бойынша аяқтадым. Бұл конкурс маған сахналық тәжірибе беріп, өз мүмкіндіктерімді сынауға және Павлодардың үлкен сахналарының бірі – Ertis Promenade сахнасына жол ашатын мүмкіндік деп білемін. Бүгін мен «Туған ел» әнін орындаймын, – дейді ол.

Валерия үшін Promenade сахнасы ерекше орын алады. Ол бұл сахнада бірнеше рет өнер көрсеткенін және кез келген мүмкіндік берілсе, оны міндетті түрде пайдаланатынын атап өтті.

Айта кетейік, «PAVLODAR SOUND» байқауының финалы 22 мамыр күні ұйымдастырылады.