«Ертіс» қайта үміт сыйлады: команда қиындықтан шыға ала ма?

«Ертіс» қайта үміт сыйлады: команда қиындықтан шыға ала ма?
Фото: «Ертіс» ФК

Чемпионат үштен бір бөлігі мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Премьер-лигасының он туры артта қалғанда павлодарлық «Ертіс» жанкүйерлер күтпеген жағдайда қалды — команда турнир кестесінің төменгі бөлігіне түсіп, тіпті қауіпті аймаққа жақындады. Жеті матчтық жеңіліс сериясы (кубоктік ойынды есепке алғанда – автор түсіндірмесі), сенімсіз ойын және көңілі қалған жанкүйерлер. Бірақ дәл қазір Павлодарда үміт қайта ояна бастады. Оның басты себебі — клубқа жаңа адамдардың келуі.

Чемпионаттың үштен бірі өтті. Бұл — кез келген команда үшін алғашқы қорытынды жасайтын уақыт. «Ертіс» үшін әзірге қорытынды көңіл көншітпейді. Команда маусым басынан бері тұрақты ойын көрсете алмады, кей сәттерде сенімсіз әрі әлсіз көрінді. Ал жеті матч қатарынан жеңілу клубтың да, жанкүйерлердің де көңіл-күйіне ауыр соққы болды.

Дегенмен футбол тек нәтиже мен статистикадан тұрмайды. Кейде бір дұрыс шешім бүкіл атмосфераны өзгертіп жібереді. Павлодарда дәл сондай өзгеріс Мұрат Тілешевтің келуімен басталғандай әсер қалдырады.

Мұрат Тілешев — павлодарлықтар үшін бөтен адам емес. Иә, ол Тараздың тумасы. Бірақ футболшылық мансабының ең жарқын кезеңдерінің бірі дәл Павлодармен байланысты. «Ертістің» аңыз шабуылшысы, «К-700», жанкүйерлердің сүйіктісі, клубтың рухын жақсы түсінетін тұлға.

Ең бастысы — жаңа басшылық алғашқы қадамдарымен-ақ клубта көптен бері жетіспеген дүниені қайтара бастағандай. Ол — жанкүйермен ашық байланыс пен қарапайым адами қарым-қатынас. Мұрат Тілешевтің ең адал жанкүйерлермен БАҚ-сыз, артық даңғазасыз тыныш жағдайда кездесуі көп нәрсені аңғартты. Ашық әңгіме, жоспар талқылау, бір-бірін тыңдау — дәл осындай дүниелер клуб пен қала арасындағы байланысты күшейтеді.

Көп ұзамай «Ертіс» қара сериясын да тоқтатты. Жеті жеңілістен кейін команда ұпай алуға қол жеткізді. Оның үстіне маңызды голды павлодарлық футболдың түлегі Тамерлан Ағыманов соқты. Соңғы уақытта оны кейбір «мамандар» орынсыз сынға алып жүргені жасырын емес.

Бұл гол тек турнирлік мағынада ғана маңызды болған жоқ. Ол павлодарлық жастардың клуб үшін жанын салуға дайын екенін көрсетті. Иә, тәжірибе жетіспейді, деңгейі де толық қалыптаспаған болуы мүмкін. Бірақ олардың алаңдағы жанкештілігі мен клубқа деген көзқарасы бәрін аңғартады.

Жаңа бас бапкер Нұрбол Жұмасқалиев әзірге құрамды түбегейлі өзгертпеді. Бұл — қалыпты жағдай. Қысқа уақыт ішінде ойынды бірден өзгерту мүмкін емес. Әсіресе команда басқа маманның кезінде жасақталған болса.

Алайда тәжірибелі маман команданың әлсіз тұстарын көріп отырғаны анық. Қай шептің ақсап тұрғанын да, қай ойыншылардың деңгейі жеткіліксіз екенін де түсінеді. Сондықтан алдағы трансферлік кезең «Ертіс» үшін аса маңызды болмақ.

Әрине, құрамда өзгерістер болады. Кейбір футболшылар кетеді, жаңалары келеді. Бірақ Павлодарға қазір жай ғана аты бар ойыншылар емес, нақты нәтиже бере алатын футболшылар қажет. Командаға көмектесетін, жастарға үлгі болатын әрі клубтың тарихы мен жауапкершілігін түсінетін ойыншылар керек.

Себебі жанкүйерлер легионерлердің кейбіріне көңілі толмайды. Кейбір «варягтар» алаңда барын салмайтын әсер қалдырады. Ал жергілікті жастар, тәжірибесі аз болса да, клуб үшін шын жүрегімен ойнап жүр.

Маусымның әлі үштен екісі алда. Жағдай қиын, бірақ үмітсіз емес. Ең бастысы — Павлодарда командаға деген сенім қайта ояна бастады.

«Ертістің» Премьер-лигаға оралуын павлодарлықтар ұзақ күтті. Сондықтан клубтың бірден қайта төмен түсіп кетуін ешкім қабылдай қоймас. Қала мүлде басқа оралуды күткен еді. Ал қазір сол үмітті ақтауға мүмкіндік әлі бар. 

Павлодарлық команданың келесі ойыны 22 мамырда Қызылордада өтеді. Сыр бойындағы қалада «Ертіс» Ақтаудың «Каспий» командасымен кездеседі.