Электриктен дизайнерге дейін: павлодарлық IT туралы мифтерді жоққа шығаруда
Бүгінде ақпараттық технологиялар саласы тек бағдарламалау мен күрделі формулалардан ғана тұрмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
IT шығармашылыққа жол ашатын кеңістікке айналып келеді. Бұл салада дизайнерлер, аниматорлар, суретшілер мен контент-креаторлар жоғары сұранысқа ие.
22 жастағы павлодарлық Азамат Амантай - графикалық дизайнер, 2D және 3D-суретші. Ол алты жылдан бері IT саласында жұмыс істеп келеді және бұл бағытқа кез келген мамандық иесі келе алатынын өз тәжірибесімен дәлелдеп жүр.
- Фриланс негізінде графикалық дизайнер болып жұмыс істеймін. Дизайн IT өнімнің дамуына тікелей әсер етеді, өйткені визуалды шешімдер аудиторияны тартуға көмектеседі. Менің мақсатым - IT тек бағдарламалаудан тұрмайтынын көрсету. Бұл салада шығармашылыққа байланысты көптеген бағыт бар. Әріптестерім мен достарымның арасында контент-креаторлар мен креативті адамдар көп. Осы саланы насихаттап, мамандардың көбейгенін қалаймын, - дейді Азамат.
Мамандығы бойынша ол - электрик. Алайда студент кезінің өзінде өмірін дизайнмен байланыстыруды шешкен.
- Мен мамандық адамның тағдырын анықтамайтынының айқын дәлелімін. Барлығы сурет салудан басталды. Кейін дизайнның заманауи көзқарас пен шығармашылықтың үйлесімі екенін түсіндім. Техникалық бөлігін екі-үш айда меңгеруге болады, - дейді ол.
Қазір Азамат Telegram, жасанды интеллект және блокчейн технологиялары бағытындағы тапсырыс берушілермен аутсорс негізінде жұмыс істейді. Ол дизайн жасап, мерч әзірлейді, анимациялық заставкалар құрады және брендтердің фирмалық стилін қалыптастырады.
Оның ең танымал жобаларының қатарында Comic Con Astana 2025 көрмесіне арналған постерлер, Meta Llama Accelerator үшін мерч пен презентациялар дизайны, «Само собой» импровизациялық шоуына арналған стоп-моушн дизайны, Мәдияр Нұрманбетовтің «Флешбек» шоуына арналған 3D-заставка, сондай-ақ Қазақстандағы ірі Decentrathon 4.0 және Solana Day хакатондарының визуалды стилі бар.
Сонымен қатар Азамат төрт жылдан бері дизайннан сабақ беріп, өзгелерге сұранысқа ие мамандықты меңгеруге көмектесіп келеді.
Оның пікірінше, жас мамандар үшін ең қиын нәрсе - бағдарламаларды үйрену емес, нарыққа шығып, өзіңді маман ретінде танытып, табыс таба бастау.
- Бүгінде дизайн кез келген бизнес пен жобаға қажет. Барлығына айдентика, безендіру және визуалды стиль керек. Креатив әлдеқашан IT индустриясының толыққанды бөлігіне айналды, - дейді Азамат.
Еске сала кетейік, Торайғыров университеті базасында AI Talk Day - технологиялар әлеміндегі ашық мүмкіндіктер күні өтті. Pavlodar Hub ұйымдастырған іс-шараға мектеп оқушылары, студенттер және цифрлық технологияларға қызығушылық танытқан барлық азаматтар қатысты. Қатысушыларға заманауи IT мамандықтары, жасанды интеллект, кәсіпкерлік және жеке жобаларды іске қосу мүмкіндіктері туралы айтылды.