Президент кубогы: Астанада үстел теннисінің үздіктері бас қосады

Президент кубогы: Астанада үстел теннисінің үздіктері бас қосады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Халықаралық турнирге әлемнің 250-ден астам спортшысы қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

25–29 қазан күндері аралығында Астана қаласы үстел теннисінен халықаралық деңгейдегі маңызды спорттық шара – Қазақстан Республикасы Президентінің алғашқы ашық кубогын (President’s Open Cup) қабылдайды. Бұл турнир – қазақстандық үстел теннисі тарихындағы жаңа белес және ел спортының халықаралық аренадағы орнын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Жарыс Beeline Arena спорт кешенінде Nomad Table Tennis Academy ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан үстел теннисі федерациясының қолдауымен өткізіледі. Турнирдің жалпы сыйақы қоры 115 мың АҚШ долларын құрайды.

Президент кубогы әлемнің түкпір-түкпірінен келген 250-ден астам спортшыны, 50-ге жуық бапкерді және 30 төрешіні жинамақ. Қатысушылар арасында Қазақстанның (Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды) үздік теннисшілерімен қатар, Оңтүстік Корея, Қытай, Венгрия, Мысыр, Малайзия, Иран және Сауд Арабиясы сияқты елдердің өкілдері бар.

Турнирдің ең басты ерекшелігі – әлемдік үстел теннисінің аңыз тұлғалары қатысатын шоу-матч. Астана төрінде өнер көрсететін жұлдыздар – әлемнің экс-бірінші ракеткасы Сю Синь (Xu Xin) (Қытай), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Фан Бо (Fang Bo) (Қытай), әлем чемпионы (2003) Вернер Шлагер (Werner Schlager) (Австрия), әлем және Олимпиада жүлдегері Джу Сэ Хёк (Joo Sae-hyuk) (Корея).

Ел намысын Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов, Ескендір Харки, Зәуреш Акашева, Сарвиноз Миркадирова, Жанерке Көшкімбаева және Әнел Бақыт сынды жетекші қазақстандық спортшылар қорғайды.

Турнир жеке және командалық жарыс түрлерінде төрт санат бойынша өтеді: U-11 (11 жасқа дейінгілер), U-16 (16 жасқа дейінгілер), Open 17+ (17 жас және одан үлкендер), Team event (командалық сайыс).

Жарыс кестесіне сәйкес, 25-26 қазанда жеке біріншілік (U-11, U-16), 27 қазанда командалық және жеке жарыс (Open 17+) өтеді. Жартылай финалдық кездесулер 28 қазанға, ал финалдық ойындар мен марапаттау рәсімі 29 қазанға жоспарланған.

Президент кубогі үстел теннисін насихаттауға және жастарды спортқа тартуға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін турнирге кіру тегін.