«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қолбасшысы тағайындалды
Жаңа қолбасшыны жеке құрамға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің келісімімен Ішкі істер министрінің бұйрығымен Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы лауазымына генерал-майор Арман Жұмағалиев тағайындалды.
– Арман Мақсотұлы баршаңызға білікті әскери қолбасшы ретінде жақсы таныс. Әскери жолын курсант пен лейтенанттан генерал-майорға дейін, взвод командирінен өңірлік ауқымдағы қолбасшыға дейін жүріп өткен білікті офицер. Арман Мақсотұлы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік-қызметтік тынысына жаңа серпін беретініне сенімдімін, – деді Еркін Ботақанов.
Генерал-майор Арман Жұмағалиев бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы лауазымында қызмет еткен.