Студенттен кәсіби маманға дейін: Павлодар ауданының колледжі кадрларды қалай даярлайды

Колледждегі әр оқытушы ауыл шаруашылығы саласының болашағын айқындайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі заман талабына сай маман даярлау орталығына айналды. Жыл сайын колледж сұранысқа ие жаңа мамандықтарды енгізіп, нарықтың нақты талаптарына жауап береді. Қазіргі уақытта студенттер саны 900-ден асып, олардың 215-і дуалды жүйе бойынша «Ветеринария» және «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандықтарын меңгеруде.
– Аймақта білікті кадрларға сұраныс артып келеді. Өткен жылы зоотехниктерді даярлауды бастасақ, екі жыл бұрын механик-техниктерді оқытуды қолға алдық. Алғашында 25 адам оқыса, өткен жылы ірі жылыжайлардың қажеттіліктеріне байланысты агрономдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайды. Қазір бұл бағытта 90 студент білім алуда, – дейді колледж басшысы Айгүл Байжұманова.
Колледж бұл жетістіктермен шектелмейді. Мәселен, биыл «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» және «Бухгалтерлік есеп» мамандықтары ашылады. 140-тан астам студентті қабылдау жоспарлануда. Сонымен қатар, колледж қысқа мерзімді оқыту бойынша республикалық тізімге енді.
– Трактористер, ветеринариялық операторлар, жасанды ұрықтандыру мамандары және бухгалтер-кассирлерге арналған курстар басталды. Біз еңбек нарығындағы сұранысты зерттеп, аудандардағы мансап орталықтарымен келіссөздер жүргізудеміз.
Оқу үш айға созылады, содан кейін студенттер мемлекеттік үлгідегі сертификат алады. Сондай-ақ, оларға жатақхана, шәкіртақы, өндірістік тәжірибе қарастырылған. Яғни, жұмыссыздар есебіндегі азаматтар білім ала алады, – дейді Айгүл Байжұманова.
Ең бастысы – бұл жерде тек теория емес, нақты тәжірибе бар. Колледж заманауи жабдықтар, күрделі операциялар мен жануарларға УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) жүргізілетін ветеринарлық зертхана және ветеринариялық стоматологиямен жабдықталған.
Студенттер колледждің оқу-өндірістік жер учаскелерінде дәнді дақылдар және көкөніс өсіру технологиясын меңгереді.
Ал «Agrohab» студенттерге өз бизнес-идеяларын дамыту мүмкіндігін ұсынады. Мұнда сәтті жүзеге асқан жобалар қатарында саңырауқұлақ, гүлдерді өсіру және шағын құс шаруашылығын ұйымдастыру бар.
– Біз облыстық тәжірибелік станциямен келісім жасасып, студенттерге саңырауқұлақ өсіру базасын ұсындық. Күз және қыс мезгілінде өнім жинап, оны асханаға жөнелтеміз. Ал құс шаруашылығы жобасы серіктестердің қолдауымен жүзеге асуда – бізге инкубаторлар берілді, өзіміз де сатып алдық. Жұмыртқалар салынып, екі аптадан кейін балапандар шығады, – деп бөлісті колледж басшысы.
Ал студент Меруерт Жаныс жұмыртқаның сапасын бақылауға жауапты. Ол тауықтың екі түріне күтім жасаумен де айналысады.
– Біз іріктеуді овоскоптың көмегімен жүргіземіз. Өткен жылы 100-ден астам жұмыртқаны тексердік, нәтижесі көңіл көншітерлік. Ең сапалы жұмыртқалардың салмағы 65 грамға дейін жетеді, – дейді Меруерт.
Ал оның болашақ әріптесі Қайырым Берікбек жоғары шәкіртақы иесі. Студент өндірістік тәжірибеден өтуге асық, себебі үлкен шаруашылықта тәжірибесін молайытқысы келеді.
– Біз үй жануарларының ауруларын диагностикалау, қан сараптамаларын жүргізуді және сиырлардың буаздығын бақылауды меңгердік. Бұған қажетті жабдықтар мен тәжірибелі тәлімгерлер бар, – дейді ол.
Колледждегі тағы бір маңызды жоба – қазақтың ақбас тұқымын қайта жаңғырту. Қазірдің өзінде ұрықтандыру жұмыстары жүргізілді, алдағы айларда алғашқы бұзаулар дүниеге келеді.