Успен ауданында астық дақылдарының өнімділігі екі есе өсті
Аудан әкімінің пайымдауынша, егін жинау науқаны қазан айының бірінші онкүндігінде аяқталуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Успен ауданының шаруа қожалықтарына барып, күзгі дала жұмыстарының барысын тексерді. Ауданда егін жинау алқабы 248,7 мың гектарды құрайды, оның ішінде 147,1 мың гектар астық дақылдар, 29,5 мың гектар жем-шөп дақылдары. Бидай 99 мың гектар, ал қарақұмық 28 мың гектарды алып жатыр. Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев қарақұмықтың алқабы 26-дан 28 мың гектарға дейін ұлғайғанын атап өтті.
– Бүгінгі күні аудан бойынша жемшөппен толықтай қамтамасыз етілген. Астық дақылдарының 41 пайызы жиналды. Өнімділік гектарына 10,6 центнерді құрап отыр. Былтыр бізде 4,7 центнер болған, сондықтан өнімділік өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе жоғары болып отыр, – деді Нұрболат Мақашев. – Егер де қолайлы ауа райы болған жағдайда қазан айының бірінші он күндігінде бітіреміз деген жоспарымыз бар.
Майлы дақылдар өткен жылы 42 мың гектар болса, биыл 74,7 мың гектарды құрайды. 300 гектар жерде зығыр егіліп, бүгінгі күні толықтай жиналды. Аудан әкімінің сөзінше, әртараптандыру мақсатында зығыр келесі жылы да егіледі, оған қоса рапс өсіріледі.
Асайын Байханов жергілікті диқаншыларға жердің топырағын тиісті көлемде тыңайту керектігін айтты.
– Тыңайтқышты көбейтпесек, жердің құнарлылығы ертең түсіп, деңгейі төмендейді. Жер деген екі-үш, он ғасыр жұмыс істеу керек. Былтыр жыл ауыр, диқаншылардың өнімділігі төмен болғандықтан ол әңгімені көтерген жоқпын. Ал биыл орташа қарап отырсақ, әр жерде 13-15 центнерден, 2,5-3 есе көп болып жатыр. Пайдасының 10 пайызын тыңайтқышқа салса, фермерлерге екі еселеніп қайтады,– деді облыс әкімі.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Успен ауылындағы «Мансұр» фермерлік қожалығына барып, жұмыстардың нәтижесін бағалады. Шаруашылықтың басшысы Адамзат Абзалов 1500 гектар жері бар, биыл күнбағыс салған.
– Жұмыскерлердің жалақысын 40 пайызға көтердім. Бізде барлығы жақсы. Жанар-жағармай алуға өтінім жібердім. Комбайндар әмбебап болып келеді. Кептіргіштер де бар,– деді Адамзат Абзалов.
Ал «Галицкое» ЖШС биыл кеш егістіктерде десикацияны қолданып жатыр
– Біз өсімдіктің өсуін тоқтатып, тезірек пісуі үшін дақылдарымызды глифосатпен өңдейміз. Бұл бізге егін жинау жұмыстарын қысқартуға мүмкіндік береді,– деді шаруашылық басшысы Александр Касицин. – Бүгінгі таңда біз шамамен егіннің 50 пайызын алып тастадық. Орташа өнімділік 12-13 центнер шегінде. Жаман емес көрсеткіш деп санаймын.
Жалпы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу мақсатында шаруашылықтар 3,6 миллиард теңгеге несие алды. Сондай-ақ, 3743 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Бүгінгі күні 2951 өтініш беріліп, 2278 тоннасы төленді.