Май ауданындағы Саты ауылында екі күндік өрттің залалы анықталды
Өрттен зардап шеккен шаруаларға көмек көрсетілетін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин айтты.
– Ауданда 15-16 шілдеде екі күн қатарынан 28 өрт ошағы анықталған. Жаңбыр жаумағандықтан және ыстық ауа райының әсерінен өрт шыққан еді. 1226 гектар аумағындағы шабындық жерлер жанып кетті, – дейді Ағыбай Әмірин.
Оның сөзінше, өрт шыққан жерлерді облыс әкімі тікұшақпен аралап, қарап шықты.
– Тілсіз жаумен күреске бірінші күні Өрт ошақтарын сөндіруге 12 техника, 3 арнайы суару машиналары жұмылдырылды, – деді аудан әкімі. – Екінші күні көмекке Павлодар қаласынан екі және Ақсу қаласынан бір өрт сөндіру машинасы келген болатын.
Ағыбай Әмірин қазіргі таңда қырда шөп шабылып жатқанын айтып өтті.
– Жалпы елді мекен азаматтар шөптерін жайылымда Ертіс жағасында дайындайды. Қырға ешкім шықпайды. Жайылмада өсетін шөптердің шығымы көп, десе де құнарлығы аз. Бұл тарапта қыр шөбінің құнарлығы жоғары, - дейді спикер.
Сондай-ақ, облыс тарапынан шөпке субсидия бөлу және арзандатылған жанармай беруді қарастырып отыр.
– Бүгінгі таңда бізде аудан бойынша 53 шаруа қожалығы 900 тоннаға дейін жанармай алуға өтінім білдірді. Шабуға арналған шөп бар. Былтырғы жылмен салыстыруға келмейді, – дейді Ағыбай Әмірин.
Аудан әкімі Саты ауылының 1226 гектар жер өртенген кезде облыс әкімі тарапынан осы жылы аудан жұртшылығына Ақтоғай ауданынан шабындық жер учаскелерін беру мәселесі жайлы мәлімдеді.
– Шамамен 10 мың гектар жерді береді. Жол шығындарына қамданған тұрғындар өз жағымызда дайындаймыз деп, көмектен бас тартқан еді, – дейді спикер.
Оның айтуынша, Саты округіндегі 7 шаруа қожалығы өрттен зардап шекті. Фермерлердің жанып кеткен аумағы 806 гектары құрады.
– Биылғы жылы өнімділік аз. Орындар анықталды. Яғни, шабындықтағы жер учаскелері суда орналасқан. Олар бұрын берілмеген. Ауданның қор жерлерінде болды. Оның ішінде шөп жинау үшін жақсы массивтер бар. Аудан басшылығы шөп дайындау үшін қандай мүмкіндік бар, соның барлығын тұрғындарға ұсынбақ ,– дейді ол.
Аудан әкімі бірінші кезекте ауыл тұрғындары үшін шөп жинау мәселесін шешіледі деп сендірді.
Фото: Константин Шелков