Павлодар облысында тұрғын үйлердің 65% жылыту маусымына дайын
Дайындық актісі жоқ үйлерде жұмыстар әлі жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салханов мәлім етті.
– Жалпы облыс бойынша 2231 көпқабатты тұрғын үйдің ішінен 1448 үй дайын. Бұл 65%-ды құрайды. Әлеуметтік маңызы бар нысандар бойынша жалпы дайындық 90%-ды құрайды, – деді Ержан Салханов.
Оның сөзінше, облыс орталығында 570 үй дайындық актілерін алған. Десе де, 213 үй жылыту маусымына мүлдем дайын емес.
– Қаламызда жыл сайын 300-ге жуық проблемалық үй болады. Бұл немқұрайлы қызмет көрсететін ұйымдардың кесірінен туындап жатқан мәселе, алайда тұрғындар оны түсінбейді. Үй иелері тарапынан белсенділік жоқ,– деп түсіндірді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Нұрлан Рашитов. – Негізінде қаланың оңтүстік бөлігінде үйлердің 80%-ы дайын емес.
Сондай-ақ, 177 тұрғын үй басқару формасына бекітілмеген. Аталған үйлер дайындық актілерін алмаса да, оларды жылумен қамтамасыз етеді.
Екібастұзда дайын үйлер саны Павлодарға қарағанда көбірек – 690 көпқабатты тұрғын үйдің ішінен 653-і жылыту маусымына дайын. Сондай-ақ, кондоминиум объектісін басқару нысаны жоқ 182 көпқабатты тұрғын үй Екібастұз қаласының ірі кәсіпорындары дайындайтын болады. Бүгінде дайындық жұмыстары толық көлемде аяқталды. Ақсу қаласы бойынша 264 үйдің ішінен 225-і дайындық актілерін алған.
– Әлеуметтік нысандарға келетін болсақ, қазіргі уақытта 90%-ы дерлік жылыту маусымына дайын. Павлодар қаласында денсаулық сақтау және мәдени нысандар бойынша біраз артта қалушылық байқалуда. Алайда бірінші қыркүйекке дейін 100%-ға дейін жеткіземіз,– деді Ержан Салханов.
Ержан Салхановтың сөзінше, жылыту маусымы болжамды түрде қыркүйектің соңына қарай басталады, әзірге нақты басталатын уақыты белгісіз.
– Ережелерге сәйкес үш тәулік бойы ауа температурасы 8 градустан төмен болған жағдайда жылыту маусымын ашық деп жариялаймыз. Қазгидрометтен ай сайын мәліметтерді сұратамыз. Олардың айтуынша, қыркүйекте 10 градус жылы температура сақталады. Әлеуметтік нысандарды жалпы көпқабатты үйлерден бір ай бұрын қосамыз,– деді спикер.
Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, былтыр жылыту маусымы әлеуметтік нысандарда 15 қыркүйекте, ал қалған тұрғын үйлерде 24 қыркүйекте берілді. Яғни, жылу беру уақыт аралығы 10 күн деп есептеледі.