Павлодарда еліміздің тіл майталмандары бақ сынауда

Павлодарда  еліміздің тіл майталмандары бақ сынауда
Фото: Константин Шелков

Он жетекші жоғары оқу орнының құрамалары қазақ тілі және әдебиеті бойынша республикалық олимпиадаға қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Марғұлан университетінде қазақ тілі және әдебиеті бойынша республикалық студенттік олимпиада ұйымдастырылды. Жастар қазақ тілі мен әдебиетінде өз білімдері мен дағдыларын көрсетуге дайын.

Олимпиада дарынды студенттерді анықтауға, дамыту және қолдауға, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытуға бағытталған. Олимпиаданың қатысушылары —  этнос өкілдері. 

– Аталмыш олимпиада жастардың әртүрлі этникалық топтар арасында қазақ тілі мен әдебиетін оқуға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Ал бұл мәдениаралық байланыстар мен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етері сөзсіз, – дейді Марғұлан университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы.

Білім ордасының басшысы мұндай интеллектуалдық конкурстардың қазақ тілін дамытудағы маңыздылығын атап өтті. Оған қоса, олимпиаданың білім мен тәжірибе алмасу үшін тамаша платформа екенін жеткізді.

Биыл олимпиадаға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, М. Козыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Семей медициналық университеті, Қарағанды техникалық университеті, Букетов атындағы Қарағанды университеті, Нұр-Сұлтан халықаралық университеті, Торайғыров университеті және Марғұлан университеті қатысуда.

Олимпиада екі күн бойы жалғасады және қазақ тілі мен әдебиетінің терең білімін тексеруге бағытталған ауызша және жазбаша тапсырмаларды қамтиды.