Қадір түні: павлодарлықтарға қасиетті түнде қандай амалдар жасаған дұрыс?
@qaz.Pavlodarnews.kz парақшасында қалалық «Умар әл-Фаруқ» мешітінің ұстазы Баян Балтабаевамен «Рамазан – кешірім және зор мүмкіндік айы» атты сұхбатта Қадір түні тақырыбында ой өрбітті.
– Мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады, яғни он түннің біріне жасырылған дейді. Бұл түнде қасиетті Құран Кәрім түскен. Осы түні жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады, – дейді діни ұстаз.
Маманның айтуынша, Қадір түнінің бес мағынасы бар. Олар: Құран Кәрім түскен түн, құрметті, ардақты түн, ұлық түн, таршылық және тағдыр бекітілетін түн.
Бұл түнді қалай өткізген дұрыс деген сауалға, маман 11 амалды ұсынды:
1. Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыру.
2. Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнату.
3. Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмметінен болғанын саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстану.
4. Уағыз-насихат тыңдап, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылу.
5. Қадір түніне қатысты жеткілікті ақпарат беретін дін адамдарымен сұхбат құру. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым қатынасын күшейтуге мән беруге тиіс.
6. Тәубе етіп, кешірім сұрап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болу.
7. Алланы зікір етіп, еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманды күшейту;
8. Жиі-жиі дұға жасау керек.
9. Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу.
10. Қадір түнінің құрметіне барлық мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеу керек, Қадір түнінің достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің бірлігін және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуі шарт.
11. Садақа беріп, садақаның қабыл болуын сұрап дұға ету.
– Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Аллаһтың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем қандай дұға оқиын?» деп сұрағанда, Ол: «Аллаһумма, иннәкә афуун, тұхиббул афуа, фаафу анни» (Уа Аллаһ! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!), деп дұға ету керектігін үйреткен, – деп бөлісті Баян Балтабаева.
Сондықтан Қадір түнінде намаз оқып, Құран сүрелерін оқып, Алладан кешірім тілеп, береке тілеп, уақытын сауапты іске арнағаны абзал.