Қатерлі ісікке шалдыққандарға елімізде қандай көмектер көрсетіледі?

Қатерлі ісікке шалдыққандарға елімізде қандай көмектер көрсетіледі?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстанда онкологиялық дертке шалдыққан науқастарға көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетіледі. Бұл туралы Алматы онкологиялық орталығы консультативтік-диагностикалық бөлімінің меңгерушісі Нәйлә Ақжолова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға онкологиялық көмек бірінші, екінші және үшінші деңгейде көрсетіледі. Сондай-ақ, пациенттерге жеке медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету үшін медициналық көмектің барлық деңгейінде көпбейінді топтар құрылады.

«Алматыдағы 76 емханада бастапқы деңгейде онкологиялық көмек көрсетіледі. Емхана жұмысының негізгі мақсатының бірі – қатерлі ісік ауруын ерте кезеңде белсенді түрде анықтау. Оған қол жеткізу үшін халықтың мақсатты топтарына скринингтік тексеру жүргізіледі. Бүгінгі таңда Алматыда мақсатты халық тобының 70 пайыздан астамы скринингтік тексерумен қамтылған», - деді дәрігер.

Егер жалпы тәжірибе дәрігері ісік ауруына күдіктенсе немесе диагноз қойылса, науқасты арықарай тексеру үшін емханадағы онкологке жібереді. Егер онколог қатерлі ісікке күдікті растаса, науқас Алматы онкологиялық орталығының консультативтік-диагностикалық бөліміне жіберіледі.

«Алматы онкологиялық орталығында онколог диагнозды, онкологиялық процестің таралуын және аурудың сатысын, аурудың қайталануын анықтау үшін қажетті тексеру мен диагностикалық зерттеулер жүргізеді. Көрсеткіштерге сәйкес, мультидисциплинарлық топтың ұсынысын ескере отырып, пациент мамандандырылған медициналық көмек, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметті алу үшін ауруханаға жатқызылады немесе оған ісікке қарсы амбулаторлық терапия көрсетіледі», - дейді Нәйлә Ақжолова.

Диагноз қойылған сәттен бастап онкологиялық науқас тіркелген жері бойынша амбулаторлық негізде медициналық көмек көрсететін ұйымда өмір бойы медициналық динамикалық бақылауда болады.

«Ел, аймақ ішінде тұрғылықты жерін немесе тіркелген ұйымды ауыстыру кезінде науқас динамикалық бақылаудан алынбайды, құжаттарды бастапқы не екінші деңгейлі медициналық ұйымға жібере отырып, жаңа тіркелген тұрғылықты жері бойынша көмек алады», - деп атап өтті дәрігер.