Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен фабрика санын көбейтпек

Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен фабрика санын көбейтпек
vk.com

Қазақстан мен Өзбекстан жеңіл өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытпақ, деп хабарлайды 24.kz.

Қос мемлекеттің бірлескен жол картасында тігін фабрикаларын көбейтіп, тоқыма кластерін ұйымдастыруға басымдық берілген. Осыған орай Шымкенттегі тоқырауға ұшыраған кәсіпорындарда көрші елдің тәжірибесі қолданылады. 

Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласында екі елдің бірлескен бір ғана тігін фабрикасы жұмыс істейді. 2019 жылы құрылған кәсіпорында 120 адам тұрақты еңбек етеді. Ресей мен Түркіменстан еліндегі арнайы мекемелерге жұмыс формасын тігіп, ішкі нарыққа киім-кешек саудалайды. Осылайша ісмерлікті кәсіп қылған мамандар жылына 1 миллиард теңгенің өнімін шығарады. 

- Біздің қазір тігіншілеріміз аз. Егер тігіншілер көп болса, жылына 3 миллиард теңгеге дейін пайда алып келе аламыз. Келісім шарт түзе аламыз. Ал қазір 1 миллиард теңге алып отырмыз. Қорқатын ешнәрсесі жоқ. Адам істегенді адам істейді. Бізде басқа конкуренттерге өзіміздің сапамызды көрсете аламыз, - дейді  тігін фабрикасының директоры Клара Санджарова.

40 жылдық тәжірибесі бар Клара Санджарова тігін фабрикасы құрылғанда мақта өнімін терең өңдейтін кәсіпорын қоса ашылғанын айтады. Алайда ірі зауыт шикізат тапшылығы мен кадр жетіспеушілігі салдарынан тоқтап қалған. Ал дайын өнімге сұраныс көп. Мамандар Ресейдің матасына иек артып, тапсырыстың үдесінен шығуға тырысып-ақ келеді. Бірақ әлі де ісмер қыз-келіншектер аса қажет.

 - Ұнайды осы фабрика. Өте ыңғайлы. Жұмыс кестесі қолайлы. Таңғы 08:30-дан кешкі 17:00-ге дейін. Заказдар көп болса, бізден қалуымызды сұрайды. Тапсырыстарды жіберуіміз керек деп. Қандай заказ болса да біз қабылдап аламыз. Кез келген операцияда тіге береміз, - дейді тігінші Зиода Нарметова.

Арнайы экономикалық аймақта жеңіл өнеркәсіпті жолға қойған отыздан астам орта және ірі кәсіпорын бар. Көбі қажетті шикізатты көрші елдерден тасымалдайды. Өйткені өңірдегі шаруа қожалықтары шитті мақтаны көршілес елдерге саудалап келіпті. Жауапты мамандар биыл мақташылар мен жергілікті кәсіпкерлер арасында ортақ келісім жасалғанын айтады. 

- Қазіргі таңда кәсіпорындар осы шаруа қожалықтарымен бірлесе отырып жұмыс істеп жатыр. Келісім шарттар құрып жатыр. Форвардтық, фьючерстік келісім шарттар құрылды. Енді алдағы уақытта өзекті мәселелер болмайды деп ойлаймыз, - дейді қалалық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов.

Өткен жылы аймақтағы өндірістік орындар 9 мың тонна мақта өнімін қайта өңдеді. Ал қос елдің үкімет басшылары қол қойған жаңартылған жол картасында тоқыма кластерін ұйымдастыруға ерекше екпін берілген. Енді тұралаған кәсіпорындарды қайта іске қосқандар коммуналдық төлемдерге жеңілдік алып, салықтық міндеттеменің бір бөлігінен босатылады. Мамандар мұндай қолдаудың арқасында жеңіл өнеркәсіпке серпін беретін жаңа жобалардың көбейетініне сенім білдіріп отыр.