Павлодарда жастар арасында АИТВ туралы ашық диалог алаңы құрылды
Кездесуге колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Денсаулық сақтауды қабылдау, қолдау және мәдениет: қорқынышсыз өмір» тақырыбында «ВИЧеринка» атты кең ауқымды іс-шара өткізді. АИТВ-ның көпшілігі әлеуметтік осал топтарға қатысты деп саналса да, соңғы жылдары жастар арасында да жағдайлар көбейген. Жаңа анықталған жағдайлардың басым бөлігі 20-39 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі.
– АИТВ тек әлеуметтік осал топтарға ғана қатысты деген түсінік қате. Қазіргі кезде жастар арасында да жағдайлар бар, әркім өз статусын білуі керек, – деді АИТВ орталығының маманы Бақыт Жанахметова.
Облыста есепте тұрған АИТВ-пен ауыратын адамдардың 97%-дан астамы антиретровирустық терапия алады, бұл оларға ұзақ және сапалы өмір сүруге, сондай-ақ дені сау балалар тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
– Емді ерте бастаса, нөлдік вирустық жүктемеге жетуге болады. Медицина қазіргі таңда вирусты бақылауда ұстап, өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді инфекционист Нұрбол Оразов.
Қатысушыларға Қазақстанда АИТВ-статусын қан немесе сілекей арқылы тегін және тез анықтауға болатындығы айтылды.
Іс-шара соңында 18 жасқа толған қатысушылар сілекей тестінен өтті.