Павлодарлық кәсіпорындардағы әйелдердің басты денсаулық мәселелері анықталды

Павлодарлық кәсіпорындардағы әйелдердің басты денсаулық мәселелері анықталды
Фото: жасанды интеллект

Өңірде «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты бастамасымен ерекше әлеуметтік маңызы бар «Дені сау әйел – дені сау ұжым» атты пилоттық жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жоба аймақтағы ірі кәсіпорындарда еңбек ететін әйелдердің денсаулығын қорғау, оларды скринингтік тексерулерден өтуге ынталандыру және аурулардың алдын алу мақсатында қолға алынған.

Пилоттық бастама аясында 30-62 жас аралығындағы әйелдерге арналған ақпараттық кездесулер, дәрігерлердің жеке кеңестері және скрининг түрлері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жоба шеңберінде өңірдегі 11 ірі кәсіпорында ақпараттық кездесулер өткізіліп, әйелдерден алдын ала сауалнама жиналған.

Павлодар облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанатының төрайымы Динара Айтжанова пилоттық жобаның мақсаты аймақтағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін әйелдердің денсаулығына қатысты ақпараттандырылуын арттыру екенін атап өтті. 

– Жоба басталмас бұрын 11 кәсіпорынның әйелдерінен онлайн сауалнама жинадық. Олар қандай тақырыптарды тыңдағысы келетінін, қай аурулар бойынша ақпарат қажет екенін өздері көрсетті. Нәтижесінде бірінші орынға ми қан айналымының бұзылыстары мен артериялық қысымның жоғарылауы шықты. Екінші орында – сүт безі аурулары, үшінші орында – жатыр мойны обыры. Осы нәтижеге сүйеніп, арнайы спикерлер тобын құрдық, – деді ол.

Оның айтуынша, кездесулер әр кәсіпорында партияның алғашқы ұйымдарының қолдауымен өткізіліп, әйелдер қауымы дәрігерлерден жеке кеңес алу мүмкіндігіне ие болған.

– Ең маңыздысы – айтылған ақпарат әйелдердің жүрегінен орын алды. Кері байланыс та жинадық. Көптеген әйелдер скринингтің бар екенін білсе де, уақыт таба алмай жүргенін айтты. Ақсу қаласының еңбекші әйелдері сенбі күндері де скрининг кабинеттерінің жұмыс істеуін сұрады. Бұл ұсынысты тиісті органдарға жолдадық. Егер пилоттық жоба өзінің тиімділігін дәлелдесе, оны тұрақты жобаға айналдыруды ұсынамыз, – деді Динара Айтжанова. 

Ол сондай-ақ жұмыс берушінің скринингке баруға міндетті түрде бір күндік әлеуметтік демалыс беретінін еске салды.

– Бұл – Еңбек кодексінің 87-бабы. Жылына үш күн әлеуметтік демалыс беріледі. Әйелдердің көпшілігі мұны білмейтін болып шықты. Сондықтан біз әр кәсіпорында бұған ерекше назар аудардық, – деді ол.

Жобаның ғылыми жетекшісі, облыстық кардиоорталық директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлжанат Джакова ақпараттық кездесулердің денсаулық сақтау тұрғысынан маңызын атап өтті. 

– Бұл – республика бойынша кәсіпорын әйелдеріне бағытталған алғашқы жоба. Осы ретте, сауалнама нәтижелеріндегі әйелдерді ең көп мазалайтын бағыттардағы аурушаңдық азаймай отырғанын атап өткім келеді. Сондықтан ерте диагностика, дұрыс өмір салты және мемлекеттік қолдаулар туралы ақпаратты кеңінен түсіндірдік. Кездесулердің аралық нәтижелері бойынша әйелдердің 98-99 пайызы жобаны өте пайдалы деп бағалады, – дейді ол. 

Гүлжанат Джакова аймақта эндокриндік аурулардың, әсіресе қалқанша без патологияларының жиі кездесетінін айтып, келесі кезеңде осы мәселелер бойынша да ақпараттық бағдарламалар ұйымдастырылатынын жеткізді.

Пилоттық жобаға қатысқан әйелдер скринингке ынтасы артқанын, дәрігерлердің түсіндіруі олардың мотивациясын күшейткенін айтқан.

Партия өкілдері жоба тиімділігі дәлелденсе, оны тұрақты негізде жыл сайынғы жоспарға енгізуді көздеп отыр.