Қазақстанда медицина мен фармацевтика саласын жаңғырту жұмыстары күшейтілді
Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, отандық дәрі-дәрмек өндірісін арттыру және медициналық қызметтерді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Соңғы үш жылда қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың өндіріс көлемі 37%-ға өсіп, 191 миллиард теңгеге жетті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісі 126,6 миллиард теңгені құрады. Қазір елімізде 209 фармацевтикалық және медициналық өнім өндіруші жұмыс істейді.
Мемлекет қолдауымен Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Қарағанды облыстарында фармацевтика саласындағы 8 ірі жоба жүзеге асырылуда. Оларға 391,3 млрд теңге инвестиция тартылып, шамамен 1 200 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жаңа кәсіпорындарда онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, аутоиммунды және басқа да ауруларды емдеуге арналған дәрілер шығарылады.
Медициналық инфрақұрылым кеңеюде
2019 жылдан бері Қазақстанда 1 263 денсаулық сақтау нысаны салынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы толық аяқталды. Нәтижесінде 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерден алуға мүмкіндік алды.
Қазіргі уақытта 32 аудандық аурухана жаңғыртылуда. Жұмыстар аяқталған соң 4 миллионнан астам ауыл тұрғыны мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті аудан орталықтарында ала алады.
Медицинадағы цифрландыру
Цифрлық технологиялар медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. 2025 жылы көрсетілген 215 моллионнан астам медициналық қызметтің 88,6%-ы электрондық форматта ұсынылды. Дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 миллион адам пайдаланды.
Face ID технологиясын енгізу медициналық көмекті негізсіз тұтынуды 7,5%-ға азайтып, 2025 жылы шамамен 10,6 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Ал 2024-2025 жылдары денсаулық сақтау саласына енгізілген цифрлық шешімдердің жалпы экономикалық әсері 40 миллиард теңгеден асты.
2026 жылдан бастап азаматтардың денсаулық жағдайына цифрлық мониторинг жүргізу ауқымын кеңейту жоспарланған. Бұл ауруларды ерте анықтап, профилактикалық шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Медицина кадрларына қолдау күшейді
Медицина мамандарын тарту және ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға да ерекше назар аударылуда. 2023 жылмен салыстырғанда елдегі дәрігерлер тапшылығы 20%-ға, ал ауылдық жерлерде 30%-ға қысқарды.
Тапшы мамандықтар бойынша ауылға барған дәрігерлерге берілетін біржолғы төлем 8,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдануда.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету, дәрі-дәрмекке қолжетімділікті арттыру, медицина инфрақұрылымын дамыту және заманауи цифрлық технологиялар арқылы денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін күшейту.
Мақаланы толық оқу үшін мына сілтемеге өтіңіз.