Қазақстанда жасанды интеллект көмір тапшылығын алдын ала анықтайды
Жүйе отынның өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысын нақты уақытта бақылайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, алдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға 7,3 миллион тонна көмір қажет. Оның 5,7 миллион тоннасы тұрғындарға, 1,6 миллион тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға арналған.
Көмір жеткізілімдерін бақылау үшін жасанды интеллект пен болжамды талдау құралдары енгізілген Бірыңғай цифрлық платформа әзірленді. Оған 36 көмір өндіруші кәсіпорын, 29 мың жартылай вагонмен жүзеге асырылатын теміржол тасымалдары, 586 көмір тұйығы операторы және 1,2 миллионнан астам тұтынушы туралы деректер біріктірілген.
Платформа көмірді өндіру мен жөнелтуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі барлық кезеңді нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе көмір тапшылығының ықтимал тәуекелдерін және бекітілген жеткізу кестесінен ауытқуларды автоматты түрде анықтайды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, өткен жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың нақты қажеттілігі 8,3 миллион тонна болған. Биыл көрсеткіштің төмендеуі 2035 жылға дейінгі газбен қамтудың Бас схемасын іске асырумен байланысты.
Көмір жеткізілімдерін үйлестіру үшін Республикалық штаб жұмыс істейді. Министрлік ішкі нарықты қажетті отын көлемімен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданғанын мәлімдеді.