Қоғамдық кеңестер жаңа Конституция жобасын қолдады
Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестер үйлестіру орталығының маңызды отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жиынға Үйлестіру орталығының мүшелері, республикалық және өңірлік деңгейдегі қоғамдық кеңестер төрағалары, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, ел болашағы үшін маңызды бастамаларды ортаға салды.
Отырыстың басты тақырыбы – жаңа Конституция жобасын талқылау болды. Жиын барысында мемлекеттік саясатты қалыптастыру процесіне қарапайым азаматтарды тарту және олардың белсенділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар Ата заң жобасына бірауыздан қолдау білдірді. Сонымен қатар, мемлекеттік басқару жүйесінде азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту және қоғамдық кеңестер қызметінің тиімділігін жаңа деңгейге көтеру жөніндегі нақты шаралар қарастырылды. Бұл реформалар мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтудың кезекті қадамы болмақ.