Мемлекет басшысы отандастарын Жеңіс күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы отандастарын Жеңіс күнімен құттықтады
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев 1941-1945 жылдары майдан даласында от кешіп, тылда еңбек еткен азаматтарға алғыс білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Президент құттықтауын ресми Ақорда таратты.

- Бүгін біз майдан даласында Отан үшін от кешіп, ерлік жасаған жауынгерлерге және тылда табанды еңбек еткен ардагерлерге шынайы ризашылық сезіммен тағзым етеміз. Қасіретті жылдардың барлық ауыртпалығын қайыспай көтеріп, Жеңіске жеткен аға буынға айрықша құрмет көрсетеміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол еліміздің Жеңіске өлшеусіз үлес қосқанын ерекше атап өтті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған отандасымыз жанқиярлықпен шайқасты, аянбай жұмыс істеп, әскерді керек-жарақпен қамтамасыз етті. 

Жүзден астам жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды, бес жүз адам Батыр атағын алды, ондаған мың азамат жауынгерлік ерлігі және қажырлы еңбегі үшін марапатталды. 

- Біз аға буынның өшпес даңқын ешқашан ұмытпаймыз. Жаужүрек сардарлар мен сарбаздардың құрметіне мемориалдар орнатылды, кітаптар шығарылып, фильмдер түсірілді, сондай-ақ көшелерге, мектептерге, музейлерге, әуежайларға, әскери бөлімдер мен институттарға ел қорғаған ерлердің есімі беріліп жатыр, - деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы әрбір қазақстандыққа бейбітшілік пен құт-береке тіледі. Халқымыздың бейбіт өмірге және өсіп-өркендеуге ұмтылысының айқын көрінісі іспеттес көк байрағымыз әрдайым ашық аспан астында желбіресін! Ұлы Жеңіс күні құтты болсын, - деді ол.