Ұмытылмайтын дәстүр: Павлодарлық ана тұсаукесер өткізудің сырымен бөлісті
Қазақта бала бір жасқа толған кезде алғашқы қадамдарын тойлау мақсатында тұсаукесер рәсімін өткізеді.
«НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Қайырлы Жақсыбаева @Pavlodarnews.kz тілшісіне бұл дәстүрдің мән-мағынасын айтып берді.
Қазақ халқының салт дәстүрінің бірі – тұсаукесер рәсімі. Ата-ана кішкентай нәресте еңбектеп жүріп, арасында қаз-қаз басып жүргенін көргенде тұсауын кесуге дайындалады.
– Ол үшін тұсау кесетін кісіні тағайындайды. Бұл міндет аяғын жылдам басатын ширақ, абыройлы азаматқа, сыйлы кісіге артылады, – деді Қайырлы Жақсыбаева.
Оның сөзінше, бала үшін ақ жол төселеді де, оның аяғын жіппен байлайды. Бұл ретте жіптер де әртүрлі мағынада қолданылады.
– Ала жіпті бала ешкімнің ала жібін аттамай адал азамат болсын деп байлайды. Қойдың тоқ ішегімен тоқшылық болсын деп ырымдайды. Ал молшылық болсын деген ниетпен көк шөппен де кеседі, – деп түсіндірді қоғамдық бірлестіктің мүшесі.
Сәбидің ата-анасы тұсау кесетін кісіге сыйлық дайындайды. Ала жіпті сәбидің аяғына байлап пышақпен кескеннен кейін баланы екі кісі қолынан ұстап жүргізеді. Ол кезде ән айтылып, үлкен кісілер шашу шашады:
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң, мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз-қаз, балам, қаз, балам, – деп әжелер өлеңдетіп, баланы ақ жолдан жүргізеді.
Ақ жолдың екінші шетіне домбыра, ақша, кітап, ойыншықтар және тағы да басқа нәрселер қойылады.
– Сәби қойылған заттың ішінен біреуін таңдап, алады. Мысалы, домбыраға көрсетсе, сәби әнші болады деп жориды екен, – деді Қайырлы Жақсыбаева. – Менің ойымша, бұл – қазіргі заман үлгісі. Бұл дәстүр ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын.
Қайырлы Жақсыбаеваның «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігі Ақтоғай ауданында бір уақытта 15 баланың тұсау кесу рәсімін өткізгені әлі есінде. Ата-аналар осындай қуанышты сәтке қоғамдық бірлестікті арнайы шақырған.
Оның сөзінше, әрбір отбасы тұсаукесерді өзінің шама шарқына қарай тойлайды.
– Әдетте отбасы туыс тумаларын шақырып, үйде тойлап жүреді. Алайда қазір де әр кім өз жағдайына қарап өткізеді. Мысалы, мен Астанада мейрамханаға тұсаукесер рәсіміне барған едім. Ол жерде сәбиді хандар отыратын таққа отырғызып, төрт батырдың киімін киген жігіттер көтеріп кіргізді, – деп атап өтті Қайырлы Жақсыбаева.
Бұдан бөлек, тұсаукесерге қатысты бірнеше наным-сенім бар. Қазақта тұсауы кесілген бала әрқашан да жолы болғыш болады, ал тұсауы кесілмесе сүріншектеніп, қадамын дұрыс баса алмайды деп айтып жатады.