Павлодарлық шебердің ер-тоқымдарына Дубай мен Кавказдан тапсырыстар түскен
Ержігіт Тоқтарұлы ат әбзелдерін жасаумен айналысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол 1978 жылы 27 қыркүйекте Абай облысы Аягөз ауданының Айғыз ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы – музыкант. Дегенмен 1999 жылдан бастап қолөнерге бет бұрған. Бастапқыда ағаштан қымызға және етке арналған ұлттық ыдыс-аяқтар, домбыра жасаумен айналысқан. Сондай-ақ былғарыдан ерлер белдіктерін жасаудың хас шебері. Қолөнершінің қолынан шыққан бұйымдары жоғары бағаланып, көптеген музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы.
– Бұл отбасымды асырап отыған табыс көзі десе болады. Қазақта ер тоқымның қырық шақты түрі болған. Ер-тоқым кезінде қазіргі көліктің нөмірі тәрізді рөл атқарған. Соған қарап, жігіттің қай рудан шыққанын, кімнің баласы екенін білген, – дейді ол.
Қолөнершінің айтуынша, бүгінде ұлы жүздің «құс мойын» деп аталатын ері сұранысқа ие. «Арғын», «уақ», «найман» ерлері арнайы тапсырыспен жасалады.
– Бұл өнер маған қанмен дарыған. Атам темірден түйін түйген. Қытайда атақты ұста болған. Әкем ағаш ұстасы болған. Нақты өнерге 21 жасымда келдім. Қазақтың бұл өнерін ұмытпау әрі дәріптеу өте маңызды. Болашақта ат әбзелдерін жасайтын шеберханамды кеңейтуді жоспарлап отырмын және бұл өнерге үш ұлымды да баулып келемін, – дейді Ержігіт Тоқтарұлы.
Шебер жасаған ат әбзелдерін әлеуметтік желі арқылы саудаға қойып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыс алады. Тіпті, Дубай мен Кавказдан тапсырыстар түскен. Бір ердің құны 50 мың теңгеден 2,5 миллион теңгеге дейін барады.
– Ең қымбат 2,5 миллион теңге тұратын ерді өзіміздің елдің азаматы алды. Әлеуметтік желіде атбегілердің тобы бар. Онда әртүрлі елдің азаматтары отырады. Сол топ арқылы да тапсырыстар түсіп жатады, – дейді ол.
Шебер бір ер тұрманды жасау үшін кейде бір ай кететінін айтады.
– Шабыт болса және ешкім кедергі келтірмесе, бір айдың ішінде аяқталып қалады. Қазіргі таңда күмістен жасалған ерді дайындап жатырмын. Бұл іске қажетті материалдарды еліміздің әртүрлі өңірлерінен және Түркиядан аламын, – дейді Ержігіт Тоқтарұлы.
Шебер қалалық, облыстық, республикалық байқаулар мен көрмелердің бірнеше дүркін қатысушысы. 2002 жылы Қамар Қасымовтың 110 жылдығына арналған облыстық қолөнер шеберлері байқауында бірінші орынға ие болған. Жұмыстары Астана қаласының 5, 10 және 15 жылдығына арналған көрмелерде оң бағасын алды.
2005 жылы өткен «Үкілі домбыра» республикалық байқауының жеңімпазы.
2012 жылы «Ел іші – өнер кеніші» облыстық байқауының жеңімпазы, республикалық байқаудың жүлдегері атанған.
2013-2015 жылдарда Астанада өткен облыстық және республикалық қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесіне, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған көрмеге қатысқан.