Павлодарлық тарихшы: Бесбілезік таққан әйелдің тамағы тәтті болады

Білезік – қазақтың әшекей-бұйымдарының маңызды элементі ретінде саналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бесбілезікке үш-төрт сақина тізбектермен бекітіледі. Бөлшектердің аралары шынжырмен біріктіріліп, сақиналары екі-үш саусаққа қатар киіледі.
– Қазақтың әйелдері қолдарына сақина, жүзік пен білезікті міндетті түрде тағып жүретін. Себебі, әйелдің жасаған тамағы дәмді әрі тойымды болады деп саналатын, – деді облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музей қорларының бас сақтаушысы, тарихшы Әлия Жомартова.
Оның сөзінше, бесбілезік – тұрмыс құрып, қалыңдық атанған кезде қолға тағылатын сәнді әшекей түрі.
– Білезікке жалғанған үзбеге шынжырлармен үш сақина немесе жүзік жалғанады. Ол асыл тастармен көмкеріледі, өрнектермен безендіріледі, – деді Әлия Жомартова. – Жалпы білезік тағу үрей мен қорқынышты аяндардан қорғайды. Бойжеткендер жалпақ білезік, ал жасы келген апалар жұқа білезіктер тағады. Ал олардың пішіні мен түрлері өзгеше болады.
Халық арасында бір саусақтағы жүзік – бесбілезік иесінің нағашы жұртын, ортаңғы жүзік – өз жұртын, ал үшінші саусақтағысы – қайын жұртын білдіреді. Осы үш жұрт бірігіп, ортаңғы тұста отау құрылады. Яғни, білезік – сол Отанның белгісі.