Қазақстанға Норвегия, Чили, Исландиядан балық жеткізіледі
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті балықтың тауар айналымы бойынша қызықты фактілермен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2021-2022 жылдары құны 196,3 млн АҚШ доллары болатын 50,2 мың тонна балық импортталған (2021 жылы – 24 мың тонна, 2022 жылы – 26,2 мың тонна).
Оның ішінде Норвегиядан 125 млн долларға 31,2 мың тонна, Чилиден – 16,9 млн долларға 2 мың тонна, Исландиядан – 2,3 млн долларға 1,2 мың тонна, Вьетнамнан – 3,2 млн долларға 700 тонна, Қытайдан – 800 мың долларға 200 тонна және басқа да Еуропа елдерінен балық әкелінді.
Экспортқа келсек, 94,3 млн АҚШ долларына 19,7 мың тонна балық жіберілген (2021 жылы – 31,4 млн долларға 8,3 мың тонна, 2022 жылы – 62,9 млн долларға 11,2 мың тонна).
Оның ішінде Германияға – 25,1 млн долларға 4,4 мың тонна, Нидерландыға – 17 млн долларға 2,7 мың тонна, Литваға – 14,7 млн долларға 2,2 мың тонна, Украинаға – 1,6 млн долларға 1,4 мың тонна, Өзбекстанға – 800 мың долларға 1,2 мың тонна, Қытайға – 300 мың долларға 300 тонна және басқа Еуропа елдеріне балық экспортталған.
«2021, 2022 және 2023 жылдың 4 айындағы кедендік статистикаға сүйене отырып, басқа елдерден импортталатын сұранысы жоғары балық түрлері анықталды. Негізгі жеткізушілер – Норвегия мен Чили. Әсіресе, мұздатылған Атлантика және Дунай ақсеркесі, скумбрия және майшабақтар сұранысқа ие болып отыр. Сондай-ақ, мұздатылған балық басқа Еуропа елдерінен де әкелінеді. Үш жылдың алғашқы 4 айында Германия, Литва, Нидерланды және басқа да Еуропа елдеріне 111,1 млн долларға 17 мың тоннаға тұщы суда мекендейтін балықтың жон еті мұздатылған күйде экспортталды», - дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Кедендік статистикаға сәйкес, 2023 жылдың 4 айында 38,8 млн долларға 10,7 мың тонна балық сырттан әкелінді және 26,7 млн долларға 4,6 мың тонна балық экспортталды.
Биыл негізінен Норвегиядан (5,7 мың тонна), Исландиядан (600 тонна), Вьетнамнан (100 тонна), сондай-ақ басқа Еуропа елдерінен балық жеткізілді. Германияға (1,1 мың тонна), Нидерландыға (800 тонна), Литваға (500 тонна), Украинаға (100 тонна), Қытайға (300 тонна), Өзбекстанға (200 тонна) және басқа Еуропа елдеріне экспортталған.