Қазақстанда тас өнімдерін әкелу ережелеріне өзгерістер енгізілді
Кейбір гранит түрлеріне қатысты тыйым алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тас өнімдерінің жекелеген түрлерін әкелуді реттеу тәртібіне өзгерістер енгізді. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді.
– 2025 жылғы 25 қарашадағы №506 бұйрықпен бұған дейін қабылданған 2025 жылғы 2 қыркүйектегі №342 бұйрығына түзетулер енгізілді. Негізгі өзгеріс тегіс немесе тегіс беті бар кесілген бұйымдарға (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 6802230000) қатысты. Бұған дейін бұл өнімге (ескерткіштерге немесе құрылысқа арналған гранитке) қолданылған тыйым енді күшін жойды, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге, 2025 жылғы 21 қыркүйектен бастап енгізілген, үшінші елдерден тас өнімдерінің жекелеген түрлерін көліктің барлық түрімен әкелуге үш ай мерзімге салынған тыйым келесі тауар позицияларына әрі қарай да қолданылады:
- Төсеуге арналған табиғи тас бұйымдары мен плиталары (тақтатастан басқа) – тас төсегіштер, жиектемелі тас (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 6801000000);
- Жылтыратылған, әшекейленген немесе өзге де өңдеуден өткен, таза салмағы 10 кг және одан астам гранит (оюланғаннан басқа) (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 6802931000);
- Ескерткіштер немесе құрылысқа арналған гранит (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 6802939000).
Ерекшелік тек ЕАЭО СЭҚ ТН коды 6802230000 бойынша өнімге қатысты.