Женевада шахматтан әлем чемпионаты басталды – Қазақстан ұйымдастырушылар қатарында

Женевада шахматтан әлем чемпионаты басталды – Қазақстан ұйымдастырушылар қатарында
Фото: kazchess.kz

Женевада шахматтан 2026 жылғы әлем чемпионы атағы үшін матчтың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

22 қарашада БҰҰ-ның Женевадағы Ұлттар сарайында қазіргі әлем чемпионы, үндістандық Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық үміткер Жавохир Синдаров арасындағы матчтың ресми ашылуы өтті.

Швейцария 2004 жылдан бері алғаш рет шахматтан әлем чемпионаты матчын қабылдап отыр. Бұл сондай-ақ биыл қыркүйекте FIDE президенті болып сайланған қазақстандық Тимур Турловтың басшылығымен өтетін алғашқы чемпиондық матч.

Іс-шараны Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі бірлесіп ұйымдастырды. Матчқа арналған баспасөз мәслихаты Ұлттар сарайының Қазақстан залында өтті. Бұл залды 2013 жылы сол кездегі БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан болатын.

Қазақстанның Женевадағы тұрақты өкілі Ержан Қазыхан шахмат пен дипломатияның арасында стратегиялық ойлау, сабырлылық, көрегендік және ережелерді құрметтеу сияқты ортақ құндылықтар бар екенін атап өтті.

Ал FIDE президенті Тимур Турлов чемпионаттың Женевада өтуі Қазақстанның халықаралық шахмат қозғалысындағы рөлін айқындайтынын айтты. Оның сөзінше, матчты ұйымдастыруға Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі елеулі үлес қосқан.

Сонымен қатар, FIDE басшысы онлайн-шахматты дамыту, жасанды интеллектіні оқыту үдерісіне енгізу және шахмат көрсетілімдерін жетілдіру федерацияның негізгі бағыттарының бірі болатынын жеткізді.

Гукеш Доммараджу мен Жавохир Синдаровтың жасы – 20-да. Классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матч тарихында мұндай жастағы екі ойыншы алғаш рет кездесіп отыр.

Матч классикалық уақыт бақылауымен өтетін 14 партиядан тұрады. Алғашқы ойын 24 қарашаға жоспарланған. Партиялар Колоньидегі Мартин Бодмер қорында өтеді.

Чемпионаттың жүлде қоры – 2,5 миллион доллар. Титулдық серіктесі – Salesforce, бас серіктесі – Freedom компаниялар тобы.