Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама заңында не айтылған

Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама заңында не айтылған

Мемлекет басшысы аталмыш заңға 10 шілде күні қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz

Билік бұл заң онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама жұмысын реттеп, блогерлер мен инфлюенсердің жарнамадан табатын "көлеңкелі пайдасын" ашып, интернеттегі контенттерді реттейді деп санайды.

Заң демеушілік жасалған контенттерді, пабликтер мен олардың модераторларын, инфлюенсерлерді, онлайн-жарнамаларды, таргет жарнамаларды, хабарлама алмасатын мессенджерлерді, желідегі аккаунттарды қадағалайды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, делінген Ақорда хабарламасында.

Аталған заңның міндеті – әлеуметтік желіде болып жататын буллинг, азаматтарды қорлау тәрізді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан Қазақстанның азаматтарын қорғай отырып, елімізде саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу.

Заң жобасы онлайн платформаларды реттеудің мынандай халықаралық стандарттарына сәйкес келеді:

  • онлайн платформаларда мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту;
  • әлеуметтік желіні қолданушы және инфлюенсер (блогер) анықтамаларын беру;
  • негізгі заң жобасының терминологиясына, заңда қолданылатын түсініктерді толықтыру;
  • Онлайн платформалардың жұмысын реттеудің халықаралық тәжірибесін зерделеп, заң жобасына енгізу жөнінде;
  • отандық әлеуметтік желіні қолданушылардың құқын арттыру үшін әлемдік техногиганттар мен қазақстандық қолданушылардың арасындағы коммуникацияны реттеу;
  • онлайн платформаның иесі немесе оның заңды өкілі балаға қарсы кибербуллинг ақпаратты және мемлекетке қарсы контентті тартқан аккаунттарды тоқтатуға міндетті;
  • Онлайн платформаларда жарнаманы жылжыту;
  • Онлайн платформаларда модерация жүргізу;
  • жалған ақпаратты таратқаны және орналастырғаны үшін әкімшілік жауапқа тартуға қатысты мәселелер бойынша өзгерістер енгізді.

Заңға сай, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі онлайн-платформаларға мониторинг жүргізеді. Министрлік интернеттегі қандай да бір контент я жарнама заңға сай емес деп тапса, авторына бес күннің ішінде "заң бұзушылықты" жоюды талап етеді. Екінші тарап министрліктің талабымен келіспесе үш күннің ішінде қарсы шағым түсіре алады.

Сондай-ақ Қазақстанда 100 мыңнан аса қолданушысы бар желілер (Instagram, Facebook, YouTube, Twitter, Telegram, TikTok, VK) елде ресми өкілін тағайындауы міндетті. Бұған қоса. онлайн-платформалардың интерфейсі мен модерациясына қазақ тілін енгізу қарастырылған. Бұл желілердің алгоритміне контенттерді қазақ тілінде модерация жасауға мүмкіндік береді.

Заң бойынша, Қазақстан билігі "талапқа сай емес" деп тапқан контентті онлайн-платформалар жоюы тиіс. "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері заңы" қабылданған соң Президент "Әкімшілік кодекске өзгертулер енгізу туралы" қол қойды. Екі заң бірігіп, интернетте "жалған ақпарат" таратқандарға әкімшілік жаза қарастырады. Интернетте жалған ақпарат таратқан қарапайым қолданушыға 20 АЕК (69 мың теңге), блогер иә инфлюенсерге 40 АЕК (138 мың теңге) айыппұл салынады.

Қазақстандық құқық қорғаушылар «онлайн-платформа» заң жобасы қоғамдық талқылау өткізбей қабылданғанын сынаған. Олар бұл заң Ресейдегі заңдардан алынды деп алаңдаған. Ал адам құқығы бойынша сарапшылар жалған ақпарат тарату жазасы Азаматтық, Әкімшілік және Қылмыстық кодексте бар екенін, ал жаңа заң артық екенін айтқан. Құқық қорғаушылар билік "Жалған ақпарат тарату" белсенділерге қарсы қолданады деп жиі сынайды.

Қазақстан билігі елдегі интернет пен әлеуметтік желіні қадағалауда ұстайды. Органдар билік "төтенше жағдай" деп тапқан оқиға кезде елде интернетті толық өшіруге құқығы бар. Бұған қоса, елде әлеуметтік желіде сыни пікірлер айтып, пост жарияланғандар да жиі жазаланады.