Павлодар облысында 15 мың ауыл тұрғыны сапалы медициналық көмекке қол жеткізді
Бұған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасының екі жыл бойы жүзеге асырылуы ықпал етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл екі жаңа дәрігерлік амбулатория, бес фельдшерлік-акушерлік пункт және 23 медициналық пункт тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Ауылдардағы алғашқы медициналық-санитариялық көмекті нығайтуға арналған ұлттық жоба аясында мемлекет 4,5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған.
– Ауылдық жерлерде медициналық нысандар салу қажеттілігі халықтың сұранысына қарай анықталды. Бұл ретте аудан орталығынан қашықтығы мен пациенттер саны ескерілді, – деп түсіндірді ведомствода.
Мәселен, ұлттық жоба аясында медициналық пункт салынған Ақтоғай ауданының Шілікті ауылы аудан орталығынан 112 шақырым қашықтықта орналасқан.
Май ауданының Саты ауылында медициналық пункттің ашылуы тұрғындар үшін қуанышты жаңалық болмақ. Ғимараттың құрылысы аяқталған, мамандар оны пайдалануға беру үшін құжаттарды әзірлеп жатыр. Келесі жылы Павлодар ауданының Луганск және Успен ауданының Қоңырөзек ауылдарындағы медицина қызметкерлері жаңа ғимараттарға көшеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шалғайдағы медициналық пункттерге портативті ультрадыбыстық зерттеу және рентген аппараттарын сатып алу жоспарланбайды. Ал қалалық және облыстық ауруханаларды компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтармен жабдықтау көзделген. Қазіргі таңда облыс бойынша ауыр диагностикалық жабдықтардың орташа тозу деңгейі 52 пайызды құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер» атты Жолдауында елдегі медициналық көмектің сапасын арттыру үшін 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу қажеттігін айтқан болатын. Бұл тізімге Павлодар облысындағы медициналық нысандардың құрылысы енгізілмеген. Дегенмен, өңір билігі оларды қосымша құрылыс және реконструкциялау жобалары тізіміне енгізу жөніндегі ұсыныстарды қарастырып жатыр.
Әзірге Ақсу қалалық ауруханасын, облыстық балалар ауруханасын реконструкциялау және Павлодар қаласындағы №1 қалалық аурухананы жаңғыртудың екінші кезеңін жүзеге асыру жоспарланған.