Павлодарда күрделі проктологиялық оталар лазерлік технологиямен жасала бастады
№3 қалалық ауруханада елордалық хирургтердің қатысуымен шеберлік сабағы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Практикалық бөлім аясында төрт операция жоспарланған. Олардың қатарында тоқ ішектің ұзаруына байланысты лапароскопиялық ота, лазерлік геморроидопластика, тік ішек жыланкөзін емдеу және эпителиалды-құйымшақ жолына лазерлік әдіспен операция жасау бар. Оталарды Астанадан келген тәжірибелі мамандар жергілікті дәрігерлермен бірлесіп жүргізді. Ал шеберлік сабағын аудандық ауруханалардың дәрігерлері тікелей трансляция арқылы бақылады.
№3 қалалық ауруханасының хирург-дәрігері Ерасыл Мырзахановтың айтуынша, қазіргі таңда дәстүрлі хирургиялық әдістермен қатар лазерлік технологиялар қолданылатын гибридті операцияларға басымдық беріліп отыр. Бұл тәсіл операциядан кейінгі ауырсынуды азайтып, науқастың оңалу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

- Бұрын дәстүрлі ашық операциялардан кейін науқастың оңалу кезеңі бір айдан астам уақытқа созылатын. Қазір аз инвазивті әдістердің арқасында бұл мерзімді бір аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік бар. Мәселен, тік ішек жыланкөзін емдеуде FiLaC (Fistula-tract Laser Closure) әдісін қолданамыз. Бұл технологияда арнайы лазерлік талшық арқылы жыланкөз өзегіне әсер етіп, оны ішінен жабуға мүмкіндік бар. Нәтижесінде айналасындағы сау тіндер барынша сақталып, операциядан кейінгі ауырсыну азаяды, науқастың қалпына келуі жылдамдайды, - деді Ерасыл Мырзаханов.
Мамандардың мәліметінше, өңір тұрғындары арасында геморрой ауруы жиі кездеседі. Әсіресе, асқынған түрлері қан кету мен тромбозға әкеліп, адамның еңбекке қабілеттілігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Шеберлік сабақ аясында Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы, Қазақстандық колоректалды хирургтер қауымдастығы және Павлодар қалалық №3 ауруханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жаңа бастаманың нәтижесінде Павлодар облысының тұрғындары күрделі проктологиялық ауруларды емдеу үшін өзге өңірлерге бармай-ақ, қажетті мамандандырылған медициналық көмекті жергілікті жерде алу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетейік, соңғы бір жылда ауруханада проктологиялық бағыт бойынша шамамен 250 операция жасалған. Жаңа технологияларды енгізу нәтижесінде ота саны 1,5 есеге артады деп жоспарланып отыр.