Ресей мен Қазақстан оқушылары Ертісте Шоқан мұрасын дәріптеді

Ресей мен Қазақстан оқушылары Ертісте Шоқан мұрасын дәріптеді
Фото: Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беретін мектептен

Павлодар облысында VI «Шоқан оқулары» өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс ауданының Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте ұлы ғалым, ағартушы әрі саяхатшы Шоқан Уәлихановтың мұрасын дәріптеуге арналған дәстүрлі ғылыми-танымдық байқау ұйымдастырылды. Биылғы шараға 120-дан астам оқушы қатысып, өздерінің ғылыми ізденістері мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.

Байқауға Павлодар облысының аудандары мен Павлодар қаласынан, Ресей Федерациясының Омбы облысындағы шекаралас мектептерден оқушылар қатысты. Сонымен қатар, биыл алғаш рет Алматы облысы, Алатау ауданынан да жас ізденушілер келді.

– Ғылыми-танымдық шара алты бағыт бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар «Жас дарын» номинациясында ақындық қабілеттерін танытса, «Жарқ еткен метеор» бағыты бойынша зерттеу жұмыстарын қорғады. Сондай-ақ, «Шоқан және қолданбалы өнер», «Шоқанның дара жолы» сахналық көріністер, «Шоқан көзімен» бейнероликтер және «Халық тарихының аспанында жарқ еткен жұлдыз» эссе номинациялары бойынша бақ сынады, – деді ұйымдастырушылар.

Әр бағытта үздік деп танылған қатысушыларға жүлделі орындар беріліп, арнайы мақтау грамоталары табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты – Шоқан Уәлихановтың бай мұрасын жас ұрпаққа кеңінен таныту, оқушылардың ғылыми ізденісіне серпін беру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Айта кетейік, аталған мектепке 2021 жылы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың есімі берілген. Білім ордасының ұжымы үшін бұл – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Сондықтан «Шоқан оқулары» жыл сайын ғалымның өмірі мен еңбегін тереңірек танып, оның мұрасын ұрпақ жадында жаңғыртуға мүмкіндік беретін маңызды шараға айналып отыр.