Павлодарда тәртіпті жүргізушілерге полиция алғыс хат табыстады

Павлодарда тәртіпті жүргізушілерге полиция алғыс хат табыстады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тәртіп сақшылары жол ережесін бұзбайтын көлік иелерін ынталандыруды ұйғарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарайтын көлік жүргізушілеріне полиция басшылығының атынан алғыс хаттар табыстады.

Алғыс хаттарда жол ережелерін сақтау және қозғалыстың басқа қатысушыларына құрмет көрсету қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екені атап өтілген.

– Жолдағы қауіпсіздік тек полиция қызметкерлерінің жұмысына ғана емес, әрбір жол қозғалысына қатысушыға байланысты. Ережелерді сақтау арқылы біз өзіміздің ғана емес, айналамыздағы адамдардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, – деді патрульдік полиция қызметкерлері.

Полицейлер жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтауды, жол белгілері мен таңбаларының талаптарын орындауды және көлік басқару кезінде мұқият болуды ескертті.

Мұндай іс-шаралар жүргізушілердің жолдағы жауапкершілігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.